Қазақстандық «Letters of War» жобасы халықаралық Steam платформасына жол тартты

0
137

Қазақстандағы компьютерлік ойындар индустриясы соңғы жылдары халықаралық деңгейде танылып, отандық жобалар жаһандық алаңдарға батыл қадам жасап келеді. Соның жарқын дәлелі – тарихи тақырыпты терең гуманистік тұрғыда ашатын «Letters of War» атты инди-жобаның Steam халықаралық платформасына шығуы.

Бұл жоба қазақстандық ойын әзірлеушілердің шығармашылық әлеуетін ғана емес, ұлттық индустрияның жаһандық нарыққа бейімделу деңгейін де айқын көрсетеді.

Қазақстандық инди-әзірлеуші, Astana Hub халықаралық технопаркінің қатысушысы Дидар Қошановтың «Letters of War» («Соғыс хаттары») атты компьютерлік ойыны әлемдік Steam платформасына жарияланды. Жоба авторлық бастама ретінде әзірленіп, халықаралық нарыққа бағытталған.
«Letters of War» — шынайы оқиғаға негізделген 2D форматтағы шытырман ойын.

Жобаның мазмұны Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне қатысты тарихи деректерге сүйене отырып жазылған. Ойын соғыс тақырыбын ұрыс көріністері арқылы емес, қарапайым адамдардың күнделікті өмірі мен ішкі күйзелісі арқылы ашады.

Оқиға Ұлыбританияда өмір сүретін отбасының тағдырын баяндайды. Басты кейіпкерлер – әкесі Лиам мен оның қызы Рози. Соғыс олардың бейбіт тіршілігін бұзып, ауыр сынақтарға, адами құндылықтарды қайта таразылауға мәжбүр етеді. Жоба соғыстың адам тағдырына тигізетін салдарын терең көрсетеді.

Ойын мазмұнында гуманистік әрі бейбітшілікке үндейтін идеялар басым. Ол ойыншыларды адам өмірінің қадірі, отбасы бірлігі, үміт пен төзім жайында ойлануға жетелейді. Осы бір ерекше тұстары арқылы жоба тәрбиелік және танымдық мәнге ие.
Жоба ағылшын тілінде әзірленген. Кейіпкерлердің дауысын Қазақстан аумағында еңбек ететін британдық актерлер орындаған. Халықаралық аудиторияны қамту мақсатында ойын қазақ, орыс, неміс, француз, испан, итальян және жапон тілдеріне бейімделген. Музыкалық сүйемелдеуді қазақстандық жас композитор Елжар Жакиянов дайындаған.
«Letters of War» ойыны заманауи талаптарға сай Unity ойын қозғалтқышында әзірленуде. Көркемдік безендіруіне ерекше назар аударылған: авторлық сурет салу мәнері, кейіпкерлердің жан-жақты бейнесі, жыл мезгілдерінің ауысуы, сондай-ақ Батыс майданына тән локациялар бейбіт және соғыс кезеңіндегі көріністер арқылы ұсынылады.
Соғыстың қасіретін адам тағдыры арқылы терең сезіндіретін бұл туынды – жай ғана компьютерлік ойын емес, көркемдік және мазмұндық тұрғыдан әсерлі жоба саналады.
Аталған туынды қазақстандық инди-әзірлеушілердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп, отандық ойын индустриясының жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

Адамгершілік, бейбітшілік пен үміт идеяларын алға тартатын бұл ойын алдағы уақытта әлемдік қауымдастыққа ой салатын мазмұнымен ерекшеленеді. Соның нәтижесінде Қазақстан атын шығармашылық кеңістікте жаңа қырынан танытпақ.

Күннұр БОЛАТБЕК


ПІКІР ЖАЗУ