«Жастар рухы» Шымкент қалалық филиалы «Үздік филиал» атанды

0
119

Астана қаласында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты үздік волонтерлер мен белсенділерді марапаттады. «Рухтастар» республикалық жастар сыйлығы қоғамдық қызметте белсенділік танытып, жастар саясатының дамуына қосқан үлесі үшін жыл сайын табысталады. «Жастар Рухы» жастар қанатының Шымкент қалалық филиалы республикалық «Рухтастар» жастар сыйлығында «Үздік филиал» атанды.

Бұдан бөлек «Жастар Рухы» қолдаушысы номинациясын талантты жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген спортшы, аралас жекпе-жек (ММА) шебері Арман Оспанов марапатталды. Сондай-ақ «Белсенді рухтас» номинациясы бойынша Шымкент қаласының белсенді жасы Тұрсынбек Жанерке Нұржанқызы марапатталды.

Белгілі болғандай, «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар үшін үш маңызды басымдықты атап өтті – білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриотизм.

Биыл Жастар Рухы жастар қанатының Шымкент қалалық филиалы 300-ден астам іс-шара ұйымдастырды. Спорттық және шығармашылық іс-шаралар, ғылыми және дебаттық турнирлер, Жұмысшы мамандықтар жылына орай республикалық деңгейде 2 ауқымды форум өткізілді. Биыл жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінді. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жастарға жұмыс!» атты ауқымды жәрмеңке өткізілді және басқа да көптеген шаралар жүзеге асырылды.

«Жастар Рухы» Жастар қанаты – білімге ұмтылған, еңбекқор, елі мен жерін сүйетін, Отанына адал 100 мыңнан астам патриот жастардың басын біріктіретін жастар ұйымы. Жастар қанаты құрылу кезеңінде еріктілер қозғалысынан бастап ірі жастар ұйымына дейін қалыптасу жолынан өтті. «Жастар Рухы» мемлекеттің жастар қозғалысындағы негізгі күшке айналды. Ұйым елдің мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырудың бастауында болып, оның дамуына өзіндік ықпалын көрсетті.

Айта кетейік, «Жастар Рухы» Шымкент қалалық филиалының жетістігі – жүйелі жұмыстың, белсенді жастардың бірлігінің және қоғаммен тығыз байланыстың нәтижесі. Филиал еріктілік, экология, әлеуметтік қолдау, білім мен патриоттық тәрбие бағыттарында нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Алдағы уақытта да жастардың бастамаларын қолдап, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға, ел дамуына үлес қосуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды мақсат етіп отыр.


ПІКІР ЖАЗУ