Шымкент жастары қоғамдағы татулық пен келісімді күшейтуге үлес қосып келеді

Жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның ең белсенді әрі жаңашыл бөлігі. Әсіресе көпұлтты, қарқынды дамып келе жатқан Шымкент қаласында татулық пен келісім құндылықтарын дәріптеу айрықша маңызды. Үшінші мегаполис ретінде Шымкент – түрлі этнос өкілдері өзара сыйластықта өмір сүретін, бейбітшілік пен бірліктің айқын үлгісін көрсетіп отырған қала. Осындай ортада жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, елге деген сүйіспеншілігін нығайту және қоғамдық келісімнің мәнін терең түсіндіру – заман талабы. Сондықтан рухани-адамгершілік бағыттағы іс-шаралар жүргізудің маңызы күннен-күнге артып келеді.
Аталған мақсат аясында бүгін Ж.Ташенов университетінде жастардың рухани дамуы мен азаматтық санасын қалыптастыруға бағытталған танымдық кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жас буын бойында елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарын кеңінен насихаттау болды. Кездесуге Шымкент қаласы«Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Тимур Бөрібаев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Әмірәлі Берік және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Әлихан Шамуратов қатысып, жастарға өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.
Жиын барысында еліміздегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің рөлі, мемлекеттік тілді жаңғырту, әлеуметтік желілерді дұрыс әрі тиімді пайдалану, кереғар діни ағымдардың алдын алу және Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу сияқты өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды. Тыңдаушылар назарына қоғамдағы тұрақтылықтың маңыздылығы, жастардың белсенді азамат болуының қажеттілігі және ақпараттық сауаттылықты арттыру мәселелері ұсынылды.

«Қоғамдық келісім мен бірліктің негізі – жастардың белсенділігі. Бүгінгі жас тек әлеуметтік желіде емес, нақты ісімен ел дамуына үлес қосуы қажет. Әр азамат өзінің күнделікті өмірінде татулық пен бейбітшілікті насихаттай білсе, бұл – мемлекетіміздің болашағына салынған мықтыі ргетас», – деді Тимур Бөрібаев.
Іс-шара соңында қатысушылар жастарды патриоттық рухты жоғары ұстап, қоғам өміріне белсене араласуға, саналы азаматтық ұстаным қалыптастыруға шақырды. Осындай кездесулер жас буынға елдің ортақ құндылықтарын ұғындырумен қатар, Шымкент қаласының көпұлтты қоғам ретінде татулық пен келісім орнатудағы ерекше рөлін терең түсінуге мүмкіндік берді. Бейбітшілік пен бірлік – қазақ қоғамының тірегі, ал бұл құндылықтарды нығайтып, келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі жастардың белсенділігіне байланысты екені шара барысында айқын байқалды.








