Еңбек нарығы: алдағы жылдары қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?

Қазіргі еңбек нарығы қарқынды өзгерістерге ұшырап отыр. Автоматтандыру, цифрлық технологиялар мен робототехника сияқты кейбір салалардағы жұмыс орындары қысқарса, керісінше сол мамандар үшін жаңа бағытта мүмкіндіктер пайда болуда.
Алдағы 10-20 жылда қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын түсіну үшін халықаралық сарапшылардың зерттеулері мен болжауына назар аударып көрелік.
World Economic Forum-ның 2025 жылғы «Future of Jobs» есебі бойынша, 2030 жылға дейін әлемде шамамен 170 миллионға жуық жаңа жұмыс орны пайда болуы мүмкін, ал 92 миллион жұмыс орны автоматтандыру салдарынан жойылады.
Ең басты өсім салалары ретінде — технология, биотехнология, жасыл экономика және шығармашылық индустриялары көрсетілген. Сонымен қатар, қазіргі уақытта сұранысқа ие дағдылардың 39%-ы дерлік 2030 жылға қарай өзектілігін жоғалтуы мүмкін, сондықтан қызметкерлердің икемділігі мен қайта даярлануы аса маңызды болып отыр.
Соның ішінде технологиялық бағыттағы мамандықтар ерекше сұранысқа ие болмақ. McKinsey Global Institute-тың 2024 жылғы зерттеулері бойынша, жасанды интеллект және робототехника мамандары, бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері, деректер аналитиктері мен киберқауіпсіздік мамандары алдағы жылдары жетекші позицияны сақтайды. Бұл мамандықтар тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар командалық жұмыс, сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерді қажет етеді, себебі бұл дағдыларды машиналар толық алмастыра алмайды.
Ал жасыл экономика саласында жаңартылатын энергия көздері бойынша инженерлер, экология мамандары және тұрақты даму бойынша сарапшылар сұранысқа ие болады. Еліміздегі мемлекеттік бастамалар да жасыл технологияларды дамытуға бағытталған, бұл жергілікті мамандарға жаңа мүмкіндік беретіні анық.
Денсаулық сақтау мен биотехнология саласында дәрігерлер, медбикелер, телемедицина мамандары, биоинженерлер мен фармакологтарға сұраныс өседі. McKinsey деректері бойынша, халық санының артуы мен медициналық технологиялардың дамуы бұл бағыттағы мамандарға тұрақты сұранысты қамтамасыз етеді. Автоматтандыру қарапайым операцияларға әсер еткенімен, негізгі кәсіби қызмет адамның қолында қалады.
Шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы мамандықтар да маңызды. Дизайнерлер, психологтар, коучтар, медиа мамандары мен мәдени аналитиктердің қызметі машиналармен толық алмастырылмайды. OECD зерттеушілері атап өткендей, цифрлық дағдылармен қатар эмоционалдық интеллект, коммуникация және күрделі мәселелерді шешу қабілеті сұранысқа ие болып қалады.
Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, Білім және ғылым министрлігінің 2025 жылғы деректері бойынша, ЖИ пен жасыл технологияларды енгізу ақпараттық технологиялар мен экология, энергетика саласында жаңа жұмыс орындарын тартады. Осы тұста мектептер мен жоғары оқу орындарында жаңа технологияларға арналған курстар болашақ мамандарды даярлаудың алғашқы қадамы болмақ.
Жалпы алғанда, алдағы 10–20 жылда еңбек нарығы терең трансформацияға ұшырайды. Технология, жасыл экономика, денсаулық сақтау, биотехнология және шығармашылық индустриялары секілді салалар негізгі өсу бағыттарына айналып отыр. Бұл өзгерістер мамандардан тек техникалық білімді ғана емес, үздіксіз оқуға дайындықты, бейімделгіштікті, эмоционалдық интеллектіні және күрделі мәселелерді шығармашылық тұрғыдан шеше алу қабілетін талап етеді.
Автоматтандыру көптеген қарапайым функцияларды өз мойнына алса да, адамға тән аналитикалық, әлеуметтік және интуитивті дағдылар еңбек нарығында бұрынғыдан да құнды болмақ. Сондықтан болашақ мамандар үшін ең маңызды стратегия — lifelong learning, яғни үздіксіз білім алу мен жаңа дағдыларды игеру.
Қазақстан үшін бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктер ашады: ІТ, жасанды интеллект, жасыл технологиялар, медицина және инженерия бағыттары отандық еңбек нарығында да жетекші орын алады. Білім беру жүйесіндегі интеграциялар мен жаңа бағдарламалар осы салаларға кадр дайындауда шешуші рөл атқарады.
Демек, бүгінгі күні дұрыс бағытты таңдау — болашақта тұрақты жұмыс орны мен кәсіби табыстың кепілі. Еңбек нарығы өзгерген сайын, білім мен дағдыны да жаңартып отыру — әр маманның басты артықшылығы болады.
Күннұр БОЛАТБЕК








