4 алтын қоржында боксшылар жарады

ФОТО: НОК РК
Баку төрінде төрт мәрте әнұранымыз шырқалды деп хабарлайды democracy.kz ақпараттық порталы 24 kz -ке сілтеме жасап.
Әзербайжан астанасында бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті. «Жібек жолы» деп аталатын жарысқа қазақстандық тарап жастарды жіберген болатын. Кейбіреулері тіпті, ересектер арасында алғаш рет бақ сынады. Десе де қай-қайсы да үмітті ақтап, ұлттық құрамаға лайықты ізбасарлар барын дәлелдеді. Қазақстандық қыз-жігіттер бас-аяғы 18 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі алтын. Атап айтқанда, әйелдер арасында 54 келіде қазақстандық Элина Базарова финалда ресейлік Дарья Пантелееваны жеңді. Артынша 57 келіде Виктория Байдукова да тағы бір ресейлік Дарья Абрамовадан басым түсіп, алтын жүлдегер атанды. Ерлер арасында 54 келідегі Бағлан Кенжебек финалда орыс боксшысы Максим Кузнецовты ұтса, 71 келідегі Нұрбек Мұрсал тағы бір ресейлік Игорь Свиридчинковты жеңді. Ал 52 келідегі Анжа Садуақасова мен 75 келідегі Санжарәлі Бегалиев финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлде иеленді. Бұған қоса, әйелдер арасында 6, ерлер арасында 6 боксшымыз қола медаль жеңіп алды.
Бибосынов пен Дусматов кездесуі мүмкін
Бибосынов пен Дусматов кездесуі мүмкін. Ресейдің Хабаровск қаласында Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық бокс бәсекесі басталады. Оған 16 елдің өкілдері қатысып жатыр. Араларында жеңіл салмақтағы Қазақстан және Өзбекстан үздіктері бар. Жеребе тарту нәтижесінде 54 келіде қызықты жағдай тіркелді. Яғни Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов жартылай финалда жолығу мүмкін және дәл осы жекпе-жекті жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отыр. Дусматов алғашқы кездесуін өткізіп үлгерді және Тәжікстан өкілі Хасан Салоходдиновты 5:0 есебімен жеңді. Енді ол ширек финалда туған інісі Фарёзбек Дусматовпен кездесуі керек. Ал Сәкен Бибосынов ширек финалда ресейлік Құрбан Байранбековпен жолығады. Қос мықты жеңіске жетіп жатса, жатырлай финалда Бибосынов-Дусматов жекпе-жегі болады. Айта кетейік, Сәкен мен Хасанбой соңғы рет Париж Олимпиадасының ширек финалында кездесіп, өзбек боксшысы жеңіске жеткен болатын. Хабаровск қаласында халықаралық турнир 20 сәуірге дейін жалғасады.
«Қарқаралы марафоны» жоғарыдан қолдау тапты
«Қарқаралы марафоны» жоғарыдан қолдау тапты. Қарағанды облысында тұрақты өткізілетін жүгіру бәсекесі ресми республикалық жарыстар күнтізбесіне енді. Біз бұл марафон жайында былтыр 24KZ арнасы арқылы бір емес, бірнеше рет айттық. Жоба авторы Думан Бейсенаев есімді жігітті сол жаққа іздеп барып, бейнематериалдар дайындаған едік. Түсінікті болу үшін айта кетейін, жергілікті спорт жанашыры жыл сайын жүздеген марафоншының басын қосып, Қарқаралының таулы-қыратты аумағында экстрималды форматтағы жүгіру жарысын өткізеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шетелдерден арнайы келетіндер бар. Өкініштісі, барлығын Думан өзі ұйымдастыратын. Шығынын да өзі көтеретін. Енді Туризм және Спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы мамандары оған назарын аударды. Ресми жарыстар күнтізбесіне енгізді. Мемлекет тарапынан барынша қолдау танытылады. Ерекше форматтағы кезекті жарыс биыл шілде айында болады.
Қазақстан Вьетнамға есе жіберді
Футзалдан Қазақстан құрамасының сәтсіздіктер сериясы жалғасып жатыр. Рикардо Кака баптайтын жігіттер Вьетнаммен екі жолдастық кездесу өткізіп, екі ойында да жеңіске жете алмады. Бірінші матчта 1:4 есебімен есе жіберді. Ал екінші матч 2:2 есебімен аяқталды. Бұл жағдайды бас бапкер буын алмасу процесімен түсіндірді. «Жас футзалшылар өнер көрсетіп жатыр. Олардың ойынына көңілім толады. Тәжірибелі жігіттер жастарға көмегін көрсетеді. Бүгінгі нәтиже әділетті деп санаймын», — деді Рикарду Кака. Айта кетейік, ұлттық құрама алдында 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алу мақсаты тұр. Бұл тапсырманы жігіттер іріктеу кезеңінде орындай алмады. Енді қосымша мүмкіндік арқылы, яғни өтпеді ойындар арқылы жолдама алуға тырысады.








