Көкшетауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

0
49

2 қазан күні Көкшетау қаласында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – табиғатқа жанашырлық танытып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, жастарды экологиялық жауапкершілікке баулу.

Экологиялық бастаманың негізгі идеясы – жасыл әрі қауіпсіз ортаны келесі ұрпаққа табыстау. Қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін акция қатысушылары айқын көрсетті.

Акцияға «Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалы, облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, сондай-ақ қаладағы бірқатар білім беру мекемелерінің студенттері белсенді түрде қатысты. Олардың қатарында:

  • С.Сәдуақасов атындағы агро-техникалық институты;

  • Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі;

  • Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі.

Қатысушылар қала аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыс жинап, жасыл желек аймақтарын реттеуге үлес қосты. Шара барысында белсенді жастар экологияны қорғау бойынша өз ойларымен бөлісіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау әр адамның күнделікті әдетіне айналуы керектігін атап өтті.

Экологиялық акция — табиғатты қорғау жөніндегі іс-әрекеттердің бірі ғана. Дегенмен, ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертудің маңызды қадамдарының бірі.

«Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдап қана қоймай, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлкен серпін берді.


ПІКІР ЖАЗУ