Шымкентте мешіт имамдары арасында ұлттық спорт түрлерінен турнир өтті

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылға арналған бағдарлық баяндамасында айқындалған міндеттер аясында және «Дін мен дәстүр» бағытын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында ерекше игі іс-шара өтті.
Республика күніне, ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына және «Ислам және отбасы құндылығы жылы» аясында Шымкент қалалық орталық мешітінде имамдар арасында «Ұлттық ойын – баға жетпес мұра» атты спорттық турнир ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – дін қызметкерлерінің салауатты өмір салтын насихаттау, бауырмалдық пен бірлікті арттыру және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу болды. Турнирге қаладағы барлық аудан мешіттерінен құралған алты команда қатысты.
Сайыс барысында ұлттық спорттың сан қырын қамтитын бірнеше бағыттар бойынша жарыстар өткізілді. Атап айтқанда, арқан тарту, асық ату, ләнгі тебу, кір тасын көтеру, садақ ату және қол күрес сынды қазақ халқының дәстүрлі ойын түрлерінен имамдар өзара бақ сынасты.
Іс-шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы арнайы қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол спорттың адам денсаулығы мен руханияты үшін маңыздылығын атап өтіп:
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дені сау, шымыр мұсылманды ұнатқан. Спортпен айналысу – сүннет әрі рухани тәрбие құралы. Ұлттық ойындар – ата-баба мұрасы, оны дәріптеу – дін мен дәстүрдің тоғысқан тұсы», – деді.
Турнирдің тартысты да қызықты өтуіне дінтанушы Мұхамеджан Естеміров пен аудандық спорт сектор Сержан Мақсұтов төрелік етті. Әр ойын түрінде қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, командалық рух пен ынтымақтың үлгісін танытты.
Нәтижесінде жалпы командалық есеп бойынша бас жүлдені – Ақмешіт тобы жеңіп алды. Екінші орын – Абай ауданы тобына бұйырса, үшінші орынды – Еңбекші ауданы тобы иеленді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы кәдесыйлар табыс етілді.
Жарыс соңында қатысушылар ұлттық ойындардың осындай деңгейде насихатталуы дін қызметкерлеріне серпін беріп, мешіт жамағатының рухани және мәдени өміріне тың серпін қосқанын атап өтті. Сондай-ақ, мұндай шаралар арқылы жастарға үлгі көрсетіп, ұлттық құндылықтар мен діни тәрбиенің сабақтастығын арттыруға мүмкіндік туатынын ерекше атап өтті.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.








