Түрік этномәдени орталығы өткізген турнирде достық пен татулық дәріптелді

0
99

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігі еркін күрестен дәстүрлі турнир ұйымдастырды. Аталған жарыс Абай ауданына қарасты Бозарық шағынауданында өтті.

Спорттық дода ел бірлігін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және жас спортшылардың шеберлігін шыңдауды мақсат етті.

Жарысқа қаланың түрлі мектептері мен спорт клубтарынан келген ондаған жасөспірім балуан қатысты. Олар 28 келіден 59 келіге дейінгі салмақ дәрежелері бойынша боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтады. Әр қатысушы жеңіс үшін бар күшін салып, жаттықтырушыларының сенімін ақтауға тырысты. Көрермендер мен ата-аналар жас балуандарға зор қолдау көрсетіп, залда нағыз спорттық рух пен достық байланысы орнады.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, спорт жанашырлары мен ауыл тұрғындары қатысты. Өз сөзінде Нұркен Әлімқұлов қатысушыларды мерекемен құттықтап, жарыстың маңыздылығына тоқталды.

– Мұндай спорттық іс-шаралар жастардың рухын көтеріп, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтады. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты қағидаты – бейбітшілік, келісім және өзара құрмет. Спорт – осы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің тиімді жолы, – деді ол.

Турнир барысында іріктеу кезеңдері мен финалдық белдесулер өте тартысты өтті. Әр салмақ дәрежесінде үздік балуандар арасынан жеңімпаздар анықталды. Боз кілем үстінде төзім мен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен жас спортшылардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапаттау рәсіміне Шымкент қалалық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов пен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысып, жас балуандарды жеңісімен құттықтады.

– Бұл турнир спортсүйер жастардың ынтасын арттырып қана қоймай, достық пен өзара құрметтің тамаша үлгісін көрсетті. Алдағы уақытта да осындай жарыстар жиі өткізіліп, жас спортшылардың дамуына серпін береді деп сенеміз, – деді Латипша Асанов.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Турнир жоғары деңгейде өтіп, спорт пен бірліктің мерекесіне айналды.


ПІКІР ЖАЗУ