Ұландар ел егемендігінің маңызын терең ұғынды

0
72

Қазақстан – тәуелсіздігін қадір тұтқан, бірлігі мен елдігін биік қойған мемлекет. Еліміздің әр азаматы үшін Республика күні – тарихы терең, мағынасы ерекше мереке. Бұл күн – халқымыздың азаттыққа ұмтылған асқақ рухының, елдіктің және егемендіктің символы. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы Декларация еліміздің тәуелсіздікке бастар алғашқы тарихи қадамы болды. Биыл сол маңызды құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжде де тағылымы мол іс-шаралар ұйымдастырылып, жас ұландардың бойында отансүйгіштік пен елжандылық сезімін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда.

Солардың бірі – 2-рота, 2-взвод кураторы Козбагарова Бақытгүл Мүсірқұлқызы мен взвод командирі, ІІІ сыныпты сержант Маханбетов Нұрман Пернебайұлының жетекшілігімен өткен «Менің Қазақстаным!» атты тарихи-танымдық ашық кураторлық сағат болды. Сабақ барысында оқушыларға егемендік пен тәуелсіздіктің маңызы, еліміздің даму жолындағы жетістіктері туралы мазмұнды мағлұматтар берілді.

Кураторлық сағатта зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты. Ойын қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен ұландар шағын сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жас сарбаздар өз елдеріне деген сүйіспеншіліктерін эссе түрінде білдіріп, жүректен шыққан тілектерін тебірене оқыды. Бұл шығармалар олардың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін, бейбітшілік пен бірлікке деген сенімін айқын аңғартты.

Іс-шара барысында ұландардың бойындағы жауапкершілік пен бірлік сезімін арттыруға бағытталған тәрбиелік әңгімелер де қозғалды. Кураторлар мен ұстаздар ел болашағының білімді, рухы мықты ұрпақтың қолында екенін атап өтті. Сабақ соңында взвод ата-аналарының демеушілігімен дайындалған мерекелік креатив күлшелер таратылып, ұландарға қуаныш сыйланды. Шараға қатысқан қонақтар барша ұжым мен оқушыларды Республика күнімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Бұл тағылымды іс-шара елдік пен бірлікті дәріптеген, жас буынның бойында отансүйгіштік рухты оятқан маңызды тәрбие сабағына айналды. Мұндай кездесулер ұландардың жадында мәңгі сақталып, олардың ел мен жерге деген адалдығын арттыра түсетіні сөзсіз.


ПІКІР ЖАЗУ