Шымкентте халықаралық деңгейдегі дәстүрлі турнир ХХХI рет өтуде

Шымкент қаласында грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған 31-ші мерейтойлық республикалық ашық турнир өтуде. Дәстүрге айналған бұл жарыс биыл бұрынғыдан да ауқымды деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың саны арта түсті. Осы орайда, 27–29 қазан аралығында өтетін бәсекеде Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Чехия мемлекеттерінен, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ге жуық балуан боз кілемде өзара күш сынасуда. Турнир жас спортшылар үшін шеберліктерін шыңдап, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік беріп отыр.
Жарыстың басты мақсаты — қазақ спортында айрықша із қалдырған академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевтың еңбегін ұлықтау, жас балуандарға үлгі ету және грек-рим күресін дамытуға серпін беру. Сонымен қатар, жас спортшыларға тәжірибе алмасуға, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасау да турнирдің маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Бүгін ХХХI мерейтойлық халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов сөз сөйлеп, қатысушыларды айтулы жарыстың басталуымен құттықтады. Олар турнирдің жастарға тәжірибе жинауға, кәсіби шеберлігін арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап, барлық балуандарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, бұл турнирдің ел спортын дамытудағы және жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызы ерекше екені айтылды.
Академик Мардан Баймырзаұлы еліміздің өркендеуіне, спорттың дамуына айрықша үлес қосқан тұлға. Қаншама спорт саңлақтары мен шәкірттер даярлап, өшпес із қалдырды. Еске алуға арналған турнирдің де жылдан жылға аясы кеңейіп келеді. Биылғы турнирге Чехиядан да спортшылар келген. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған бұл дода жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, елдер арасындағы достық байланыстарды нығайта түсуде.
Іс-шарада Шымкент қаласы грек-рим, еркін және әйелдер күресі Федерациясының Президенті Марат Сапарбаев биылғы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиға, U 23 әлем чемпионатының жеңімпазы Шұғыла Өмірбекке, қола жүлдегер Омар Сатаевқа ел спортының дамуына қосқан зор үлестері мен табандылығы үшін құрмет көрсетіп, қаржылай сыйақыларды табыс етті.

Айта кетсек, дәстүрлі жарыс ертең мәресіне жетеді. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медальдармен, дипломдармен және 300 000 / 200 000 / 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақылармен марапатталады.








