Шымкентте республикалық пікірсайыс турнирі басталды

0
168

Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігінің маңызын айшықтайтын түрлі іс-шаралар еліміздің әр өңірінде өткізілуде. Осындай шаралардың бірі Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі басталды.

Бұл турнир жастардың ой-өрісін кеңейтіп, ел тарихына деген қызығушылығын арттырумен қатар, белсенді азаматтық ұстаным мен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруды мақсат етеді. Сонымен бірге, шара жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты, отансүйгіштік пен елжандылық сезімдерін терең сіңіріп, мемлекетіміздің болашағына жауапкершілікпен қарауға ықпал жасайды.

Ауқымды зияткерлік сайыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, қатысушы жастарға сәттілік тілеп, игі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде еліміздің болашағы білімді де белсенді жастардың қолында екенін айтып, пікірсайыс қозғалысын жас буын арасында шешендік қабілетті дамытудың тиімді алаңы ретінде бағалады. Сондай-ақ Сәрсен Абайұлы турнирдің тек зияткерлік жарыс қана емес, ел рухын терең түсініп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастама саналатынын атап айтты.

Турнирге еліміздің 9 өңірінен – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан 120-дан астам команда қатысуда. Олар пікірсайыс алаңында өзара білім мен шешендік шеберліктерін сарапқа салуда. Сонымен қатар, достық пен өзара құрмет құндылықтарын дәріптеп, пікір алмасу арқылы елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосуда.

Жарыстың төрелік ету жұмыстарына Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнынан іріктелген тәжірибелі пікірсайысшылар және пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері тартылған. Жалпы саны 70-ке жуық кәсіби төреші пікірсайыстың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етуде.

Турнир барысында талқыланатын қарарлар қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, технология, демократия, құқықтық мәдениет, білім беру жүйесі және жастар саясатына қатысты тақырыптар бойынша пікір білдіріліп, түрлі көзқарастар қаралуда.

Екі күнге жоспарланған республикалық пікірсайыс турнирі ертең қорытындыланып, жеңімпаздары анықталатын болады.


ПІКІР ЖАЗУ