Жастар арасында патриотизм мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған волейбол турнирі өтті

Шымкент қаласында 25 қазан – Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын мерекелеу аясында қалалық жастар арасында волейбол турнирі өтті. Бұл патриоттық бағыттағы іс-шаралар Шымкент шаһарында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.Осындай спорттық және мәдени жиындар арқылы жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ олардың қоғамдық белсенділігін күшейту көзделеді.

Шараны Шымкент қаласы ішкі саясат және жастарістері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.
Турнирдің басты мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, салауатты өмірсалтын насихаттау және олардың белсенді азаматтық ұстанымын арттыру болды. Сонымен қатар, бұл шара жасөспірімдер мен жастар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайтып, командалық рухты тәрбиелеуге, денешынықтыру мен спорттың маңыздылығын терең ұғынуға ықпал етті.
Додада қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерінен құралған 8 команда бақ сынады. Әр команда жеңіске деген жігерін, ұйымшылдығы мен жоғары спорттық дайындық деңгейін көрсетті. Ойындар тартысты әрі қызықты өтті, көрермендер де командаларға жанкүйерболып, ерекше қолдау білдірді. Турнир барысында әділ қазылар алқасы әр команданың ойын тактикасын, техникасын және спорттық тәртібін мұқият бағалады.
Сайысқа қатысушылар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, командалық бірлік пен өзара қолдаудың маңызын да айқын байқатты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулығын нығайтуға, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыруға және жаңа достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.
– «Біздің мақсатымыз – жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып, оларды спортқа баулу. Бүгін тартысты ойын күтіп отырмыз. Әрине, осындай шаралар жас буынның рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыратыны анық» – дейді ұйымдастырушылар.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойын көрсеткен командалар мен жеке қатысушылар арнайы дипломдармен, ынталандыру және естелік сыйлықтармен марапатталатын болады. Мұндай құрмет көрсету шаралары жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, алдағы уақытта да оларды белсенділік танытуға ынталандырады. Жеңімпаздар мен үздік ойыншылардың жетістіктері өзге жастарға үлгі болары сөзсіз.








