Қаламгерлердің ұлттық рухын көтеретін конференция ұйымдастырылды

Шымкент қаласында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығына арналған оқырман конференциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – қаламгерлердің ұлттық рухты көтерудегі рөлін айшықтауға, сондай-ақ жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Аталған конференцияға балалар жазушысы Бақытгүл Ауданова арнайы қатысып, оқырмандармен пікір алмасты. Шара шеңберінде қатысушылар «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихы мен маңызы туралы ақпараттармен тереңірек танысты.
Бұл республикалық акция ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхана және Қазақстан кітапханашылары қауымдастығының ұйымдастыруымен 2007 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Жобаның басты мақсаты – қазақ әдебиетін көпшілікке кеңінен насихаттау, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және әдеби мұра арқылы жас ұрпақтың рухани-танымдық тұрғыда дамуына ықпал етуді көздейді.
Еліміздің әр өңірінен келіп түскен ұсыныстарды жыл сайын арнайы ұйымдастыру комитеті ескере отырып, ел болып оқуға ұсынылатын қаламгерлер мен шығармаларды айқындайды. Аталған акция аясында 2007 жылы алғаш болып Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» таңдалса, содан бері 50-ден астам отандық қаламгердің еңбектері оқырман қауымға ұсынылып келеді.
Шара барысында қатысушылар назарына «Қос тұлға – қазақ әдебиетінің шамшырақтары» атты бейнеролик ұсынылып, «Мирас» университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Марат Төреханұлы Байырбеков Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды баяндама жасады. Баяндамада қаламгерлердің шығармашылық мұрасында көрініс тапқан ұлттық рух, көркемдік болмыс пен тарихи-мәдени дүниетаным кеңінен терең талданып, жан-жақты зерделенді.
Бұдан бөлек, оқушылар мен студенттер Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр», «Қызыл қамшы», «Саржайлау», «Шежірелі сахара» шығармаларынан үзінділер оқып, талдау жасады. Шығармаларды жатқа оқыған оқушылар көрермендердің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына арналған «Қазақтың қос алыбы» атты әдеби-танымдық сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, қатысушылардың әдебиетке қатысты білім деңгейі сарапқа салынды.








