Шымкентте ұлттық тағам мерекесі – «Дән мен дәм FEST» өтті

0
325

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде ұлттық тағам мәдениетін ұлықтауға арналған «Дән мен дәм FEST» гастрономиялық фестивалі өтті.

«Шымқала» кешені бұл күні қазақы рухқа бөленді. Кіреберістен бастап домбыраның қоңыр үні естіліп, жібек кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар, шапан жамылған ақсақалдар, ұлттық киімдегі жастар көпшілікке ерекше көрініс сыйлады.
Фестивальдің басты мақсаты – ұмыт болған ұлттық тағам түрлерін қайта жаңғырту, ас дайындаудың дәстүрлі әдістерін ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірде насихаттауға бағытталды.

Шара барысында 15 түрлі ұлттық тағам әзірленді. Әр тағамның жасалу әдісі мен шығу тарихы туралы кеңінен айтылды.

Меймандарға үлпершек, өрметөстік, сый табақ, дән көже, жұқпа, құрт көже, талқан секілді дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Көрермендер күбі пісу, май шайқау, келі түю, бидай мен жүгері қуыру, диірмен тарту, таба пісіру сияқты көне тұрмыс көріністерін тамашалады.

Бұл көріністер ұлттық өмірдің мәнін, тіршіліктің табиғи үйлесімін көрсетіп, ұлт болмысының тамыры тереңде жатқанын байқатты.

Аталмыш шараға 20-дан астам этноорталық пен мәдени бірлестік, 10-ға жуық оқу орнының өкілдері, жергілікті тұрғындар және шетелдік қонақтар қатысты.

Жалпы саны 500-ден астам адамды қамтыған шара қазақ халқының ұлттық тағам дәстүрі мен тұрмыс мәдениетінің бай мұрасына куә болды.

Бұдан бөлек, ас дайындау шеберлік сағаты фестивальдің басты бөлігіне айналды. Ақ жаулықты әжелеріміз ұлттық тағам түрлерін жасап, қонақтарға дәмнің дайындалу жолын ғана емес, оның мағынасын да түсіндірді.

Әр тағамның өз заманына тән мәні, наным-сенімі, құрмет таныту мәдениеті бар. Мысалы, үлпершек – сыйластықтың, өрметөстік – батырлықтың, ал дән көже – молшылық пен бірліктің нышаны.

Фестиваль аясында 500 келіден астам ұлттық өнім жәрмеңкеге шығарылды. Әжелердің қолдан жасаған ірімшігі мен жаңа піскен сары майы, талқаны мен көжесінен дәм татқан жұрт қазақтың ұлттық тағамдарына таңдай қақты.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жұмабай Ғаппарұлы өз сөзінде:

– «Біздің мақсат – ұлттық ас арқылы ұлттың болмысын танытып, рухын жаңғырту.
Соңғы жылдары жастар шетелдік өнімдерге үйір болып барады. Біз соған балама ретінде ұлттық тағам мәдениетін қайта жандандыруды көздеп отырмыз. Биыл алғаш рет ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар. Қазақтың әр асы – дәстүрдің көрінісі, ол тек Наурызда емес, күнделікті өмірімізде де сақталуы тиіс», — деді.

Фестиваль соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, ұлттық тағам шеберлері марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасатынын айтты.


ПІКІР ЖАЗУ