Ұландарға ұлт әдебиеті ұғындырылды

0
191

Ұлт болашағы – өскелең ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Ал ұрпақтың саналы да тағылымды болып қалыптасуында ұстаздың алатын орны айрықша. Сондықтан ұлттық рухты оятатын, елдік пен ерлікті насихаттайтын мұндай тәрбие көздері ең алдымен мектеп пен ұстаздан бастау алады. Осы орайда, жас ұрпақты білім мен тәрбиеге баулуда аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Осы мақсатта, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжде «Ұстазға алғыс!» апталығы аясында білімге, руханиятқа және ұстаз еңбегіне арналған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Апталықтың негізгі мақсаты – ұлт болашағын тәрбиелеуші ұстаздарға деген шынайы құрметті арттыру, ұрпақ жадында ұлағатты бейнесін орнықтыру. Сондай-ақ ұстаздықтың қадір-қасиетін дәріптей отырып, ұлттық рухты көтеру, ел болашағына қызмет ететін өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу.

Аталмыш апталық аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі, сондай-ақ 1 курс, 2 рота, 2 взвод ұландарының кураторы Козбагарова Бақытгүл Мүсірқұлқызының жетекшілігімен Абай шығармашылығына арналған мазмұнды да тағылымды ашық сабақ ұйымдастырылды. Сабақ тақырыбы – Абай Құнанбайұлының «Масғұт» поэмасы» болып белгіленді.

Ашық сабақ барысында ұландар ұлы ойшылдың аталған поэмасы арқылы адамгершілік, ізгілік пен таңдау еркіндігі секілді мәңгілік құндылықтар төңірегінде терең ой қозғады. Бұдан бөлек, хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін терең талдап, оның адамгершілік, еңбек, білім, руханият жөніндегі ой-толғамдарын заманауи көзқараспен ұштастырып, ұлттық рухты дәріптеуге бағытталған тұшымды пікірлер білдірді.

Айта кету керек, қыркүйек айы бойы курс ұландары хакім Абайдың өмір жолы, философиялық тұжырымдары мен қара сөздерінің тәрбиелік мәні, сондай-ақ лирикалық шығармаларының идеялық мазмұны бойынша тың деректермен танысып, зерттеу жүргізген болатын. Мұндай танымдық сабақтар жас буынның әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық рух пен адамгершілік қасиеттерді бойға сіңіруге зор ықпал етеді.

Взвод бөлімшелерінің ұландарды бағалайтын спикерлері болды. Сондай-ақ оқытушы сабақ барысында ұландардың берген жауаптарына қатысты әскери смайликтері және алма стикерлерімен бағалады. Нәтижесінде ұланның өз-өзін бағалауы, бөлімше спикерлерінің бағалауы және оқытушы бағалауымен сабақтың қорытынды балл көрсеткішін шығарды.

Ашық сабақтың ерекшелігі – поэма желісімен үндестіре отырып, оқытушы ұландарға ұлттық тағам – құрт таратты. Құрттан дәм татқан шәкірттер әңгіме желісін ұйып тыңдады. Рухани әсерге бөленіп, сабаққа белсенді қатысты. Бұл – ұландарға ұлт әдебиетін ұғындырудың бірегей әдісі ретінде танылды.

Осындай терең мазмұнмен өткізілген танымдық сабақтар ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімді нығайтып, ұлт руханиятына деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.


ПІКІР ЖАЗУ