Жасөспірімдер архивтік құнды құжаттармен танысты

Жас ұрпаққа архивтік құжаттарды таныстыру — ұлттық мұра мен тарихқа деген құрметтің нышаны әрі келешек ұрпақтың санасына терең ізқалдыратын маңызды қадам. Өткеннің құнды деректері мен оқиғаларына негізделген архивтік құжаттар біздің халқымыздың ерлігі мен еңбегін, бай мәдени мұрасын, тарихи кезеңдердің өзгерістерін айқын көрсетеді. Бұл құжаттар ұлттың өткенінен сабақ алып, қазіргі қоғамның дұрыс бағытта дамуына ықпал етеді.
Осы орайда, «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» мекемесінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында танымдық іс-шара өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы аясында архивтің қоғамдағы ролі, адамзат үшін архивтің және архивист маманының маңыздылығы, жас ұрпаққа Шымкент өңірінің тарихын кеңінен таныстырып, оларды патриоттық сезімге баулу мақсатында архивтік құжаттар негізінде көрме, іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған болатын.
Бүгінгі танымдық іс-шараға колледж жәнежоғары оқу орнының студенттері қатысып, архивтік құнды құжаттар бойынша жасалынған«Тарихыңды тани біл» атты көрмені тамашалады. Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің тыныс-тіршілігіне шолу, архивтік қоймаларға экскурсия өткізілді. Сонымен қоса, цифрландыру жұмыстарының қалай жүзеге асып жатқаны көрсетілді.
Мекеме басшысының орынбасары Алтын Кеңесқызының айтуынша, жыл сайын қыркүйек айында ашық есік күні ұйымдастырылады. Шетелдің мемлекеттік архивтерінен әкелінген Шымкент туралы тарихи құнды құжаттар көпшілік назарына ұсынылады.
Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, қоғамға пайдасын тигізетін азамат ретінде тәрбиелеу — аға буынның басты борышы.
Бұл тұрғыда, сәулет өнерінің үздігі Асқар Әзімбаев шараға арнайы шақырылып, оның өмірбаяны, туындылары, жобалары, еңбек жолыжас ұрпаққа кеңінен насихатталды. Одан бөлек, белгілі сәулетшімен кездесу өтті. Асқар Кебешұлы жас ұрпаққа өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, адал еңбек жастарды жетістікке жеткізетінін айтты.
Жас ұрпақ үшін архивтік материалдарды зерттеу тек білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың тарихи сана-сезімін қалыптастырады. Сонымен қатар, еліміздің өткеніне деген құрметті арттыру арқылы, олар өз тарихын бағалап, ұлттық құндылықтарға деген патриоттық сезімін тереңдетеді. Осылайша, архивтер тек өткеннің көрінісін ғана емес, болашақ ұрпақтың ұлттық рухының іргетасын қалаушы маңызды құралға айналады.








