Кездесуде тұрғындардың этносаралық ауызбіршілігін күшейту керектігі көзделді

0
178

Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – тұрақты дамудың басты тетіктерінің бірі. Бұл құндылықтар әрбір өңірде, әрбір елді мекенде ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың белсенділігі арқылы насихатталып келеді. Осы орайда, Шымкент қаласының Хамза тұрғын алабында ауыл белсенділері мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Бұл басқосу ел ішіндегі татулықты, ынтымақты және бірлік ұғымдарын дәріптеуге бағытталды.

Шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау, сондай-ақ халық арасында татулық, өзара құрмет пен сенімді нығайту, этностар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты арттыруға және жергілікті тұрғындардың елдік мәселелерге деген белсенді қатысуын қолдауға бағытталды. Сонымен қатар, шара арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік бірлікті күшейту және қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау көзделді.

Кездесуге Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Нұржан Әбдікәрім, қалалық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Нұрлан Әбдіманап, сондай-ақ Тұран ауданы әкімі аппаратының «Әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету» бөлімінің бас инспекторы Рима Досан сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынға қатысушылар өз сөздерінде этносаралық татулық пен өзара құрметтің қоғам тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтті. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне тоқталып, түрлі этностардың бейбіт өмір сүруіне негіз болатын ортақ құндылықтарды сақтау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, қатысушылар жастарды толеранттылыққа тәрбиелеу, діни радикализмнің алдын алу және ұлттық бірлікті нығайту жолындағы ортақ жауапкершілік туралы ой бөлісті.

Кездесуде бірлік пен татулықтың мемлекет тұрақтылығы мен дамуы үшін айрықша маңызы бар екені кеңінен сөз болды. Спикерлер жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, қоғамда сыйластық пен өзара түсіністікті арттыру, сондай-ақ әрбір азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ұлттық сананы қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраларды құрметтеу және мемлекеттік тілдің бірлікті нығайтудағы рөлі жөнінде де маңызды ойлар ортаға салынды. Кездесу барысында этностар арасындағы достықты дәріптейтін іс-шараларды жиі өткізу, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған бірлескен бастамаларды қолдау қажеттілігі айтылды.


ПІКІР ЖАЗУ