Жемқорлықсыз болашаққа бірге қадам

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына, халықтың мемлекетке деген сеніміне кері әсер ететін ең қауіпті құбылыстардың бірі. Қазақстанда бұл мәселеге қарсы жүйелі түрде күрес жүргізіліп келеді. Әсіресе, жергілікті жерлерде халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін әкімдіктердің рөлі зор. Осы орайда біз Жезді кентінің әкімі Жұмабек Мұратбек мырзамен сұхбаттасып, кенттегі жемқорлыққа қарсы іс-шаралар, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде әңгімелестік.
– Ұлытау ауданында, соның ішінде Жезді кентінде сыбайлас жемқорлық деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Жалпы алғанда, Жезді кентінде сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен. Бізде ресми түрде тіркелген фактілер жоқ. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен, бұл мәселе мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Біз әрқашан сақ болып, алдын алу шараларын тұрақты жүргізуіміз қажет. Себебі жемқорлықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
– Соңғы жылдары ауданда немесе ауылдарда жемқорлық құқықбұзушылық фактілері болды ма?
– Жезді кенті бойынша ондай мәлімет тіркелген жоқ. Бұл – жергілікті мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігінің артқанының, халықтың да белсенділігі артып, заңды құқықтарын қорғауға бейімделгенінің көрінісі деп айтуға болады.
– Жемқорлықтың алдын алу мақсатында әкімдік тарапынан қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?
– Бізде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындар арасында жемқорлықтың зиянды әсерін, оның қоғам мен мемлекетке тигізер зардаптарын түсіндіруге ерекше мән береміз. Әр жиналыста бұл тақырып қозғалып, арнайы баяндамалар жасалады. Сонымен қатар, тұрғындарға құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған буклеттер, ақпараттық жадынамалар таратылады.
– Мемлекеттік қызметшілер арасында адалдықты арттыру үшін қандай оқу немесе семинарлар өткізіледі?
– Жезді кентінде мемлекеттік қызметшілердің адалдығын арттыру мақсатында түсіндіру шаралары, жиындар, семинарлар өткізіледі. Біз оларға мемлекеттік қызметшінің басты құндылығы – халыққа адал қызмет ету екенін үнемі ескертіп отырамыз. Бұл бағытта облыстық және аудандық деңгейдегі әдістемелік материалдарды пайдаланып, қызметкерлерге үлестіріп отырамыз.
– Халық әкімдік жұмысына қатысты ұсыныстарын немесе шағымдарын қалай жеткізе алады?
– Азаматтар өз пікірін немесе шағымын жеткізу үшін түрлі арналарды пайдалана алады. Мысалы, әкімнің жеке қабылдауына жазылып келуіне болады. Сондай-ақ «е-өтініш» электрондық жүйесі, әкімдіктің ресми электрондық поштасы арқылы да хабарласу мүмкіндігі бар. Бұл халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға үлкен көмек береді.
– Жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін қандай жобалар бар?
– Жастармен жұмыс жасау – басты бағыттардың бірі. Себебі олардың бойына адалдық пен әділдік құндылықтарын ерте бастан сіңірсек, болашақта жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруға зор үлес қосамыз. Қазіргі уақытта жастарға арналған түсіндіру шаралары бар, бірақ оларды одан әрі күшейту қажет деп есептеймін. Мектептер мен колледждерде арнайы тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, жастардың бойына жемқорлыққа төзбеушілік қасиетін қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылуда.
– Алдағы уақытта ауданда сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін қандай бастамалар жоспарлануда?
– Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Әрбір тұрғын өзінің заңды құқығын біліп, қажет болған жағдайда дұрыс пайдалана алуы үшін құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық береміз.
– Жалпы, жемқорлықпен күресте қоғамның белсенділігін қалай арттыруға болады деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, әрбір қызметкер өз жұмысын адал, сапалы орындауы қажет. Әрбір азамат өз ісінде жауапты болса, жемқорлықтың орын алуы мүмкін емес. Сонымен қатар, халық та белсенді болып, кез келген заңсыздыққа көз жұма қарамауы керек. Егер әрбір адам өзінің азаматтық позициясын ашық білдірсе, қоғамда әділдік пен сенім артады.








