Ерекше жандар ұлттық ойындар сайысында қабілеттерін паш етті

Шымкент шаһарында ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ерекше жастарға арналған ауқымды мәдени-әлеуметтік іс-шаралар өтіп жатыр. Екі күнге созылатын бұл жобаға мүмкіндігі шектеулі жас спортшылар, қолөнер шеберлері мен өнерпаздар қатысып, өздерінің өнері мен қабілетін көпшілікке паш етеді.
Осы жоба аясында бүгін спорттық турнирлер шымылдығын түрді. Атап айтсақ, жастар шахмат және қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан бақ сынасты.
Аталған спорттық шараның мақсаты —жастарарасында салауатты өмір салтын насихаттау, логикалық ойлау қабілетін дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналды.
Сонымен қатар, турнир қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға, достық қарым-қатынасты нығайтуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді.
Додаға 28 жас қатысты, олардың ішінде республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген шеберлер де бар. Әсіресе, тоғызқұмалаққа түскен 18 ойыншының әр жүрісі терең ойды, табандылықты талап етті. Бұл сында спорт шебері Айтбаева Айсұлу, жас спортшы Ергешбай Қайсар секілді тәжірибелі ойыншылар да болды.
Қазақ халқының көне мұрасы саналатынтоғызқұмалақ – жай ғана ойын емес, ақыл мен логиканың биік мектебі. Ғалымдардың айтуынша, бұл зияткерлік ойын адам миының жұмысынжетілдіріп, ойлау қабілетін шыңдайды. Әрбіржүрісті дұрыс есептеп, қарсыласын алдын ала ойлау – жас спортшыларды сабырлыққа, шешімқабылдаудағы жылдамдыққа баулиды.
Бүгінгі ерекше жандардың бұл ойынды меңгеруі, шеберлікпен ойнауы таң қалдырды. Жастар ұлттық құндылықты сақтап қана қоймай, оны халықаралы қаренада танытуға да атсалысарлары анық.
– Тоғызқұмалақ – тек спорт емес. Бұл ойын жастарды есепке, сабырға, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Бүгінгі жарыста мүмкіндігі шектеулі жас спортшылардың қайсарлығын, ойлау қабілетін көріп қуанып отырмын. Олардың әрбір жүрісі – табандылықтың көрінісі. Осындай іс-шаралар арқылы жастарымыздың бойындағы таланттыашып, қоғамға бейімдеуге мүмкіндік туады. Бастысы – олар өзіне сеніп, алдағы үлкен жетістіктерге ұмтылуы тиіс, – дейді №19 Шымкент қаласының И 19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманова.
Сонымен қатар, барлық қатысушылар кубоктармен, медальдармен, алғыс хаттармен және гүл шоқтарымен марапатталды.
Бұл бастама – мүмкіндігі шектеулі жастардың әлеуетін ашып, қоғамға бейімделуіне бағытталған маңызды қадам. Олар спортта да, өнерде де биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдеді. Шара жүректерді жақындастырып, мейірім мен сенімгетолы орта қалыптастыратыны анық. Жарыстан кейінгі жас спортшылардың көзіндегі қуаныш, бойындағы жігер – олардың әлі талай белесті бағындыратынын айқын аңғартты.








