Ана тілге құрметпен қарау балабақшадан бастау алады

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысының қайнар көзі. Бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жас ұрпақтың ана тіліне деген қызығушылығын ояту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Осыған байланысты Шымкент қаласында Қазақстан халқы тілдері күніне орай мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Қазақшаң қалай, балақай?» атты республикалық байқаудың қалалық кезеңі сәтті ұйымдастырылды.
Байқаудың негізгі мақсаты – орыс тілінде оқытылатын топтарда балаларды қазақ тілін үйренуге ынталандыратын дамытушы тілдік орта құру және мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тіліне деген қызығушылықты арттырып, балалардың тілдік ортасын дамыту, олардың мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау. Сонымен қатар, бұл бастама тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін көрсетіп, жаңашыл әдістемелер арқылы баланың тіл үйренудегі қабілетін айқындауға да мүмкіндік берді.
Байқауға Шымкент қаласы бойынша барлығы 14 мектепке дейінгі ұйым қатысты. Қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын келесі критерийлер бойынша 5 балдық жүйемен бағалады: 1) Тақырыпқа сәйкестік 2) Жас ерекшелігіне сәйкестік3) Педагогтің кәсіби шеберлігі 4) Қазақ тілін меңгеру деңгейі 5) Бейне материалының сапасы.
Байқау нәтижесінде үздік деп танылған ұйымдар келесідей марапаттарға ие болды: III орынды №20 «Қазына» бөбекжай-балабақшасы иеленсе, II орын №122 «Ақ көгершін» бөбекжай-бақшасына бұйырды. Ал I орынды №105 «Елгезек» бөбекжай-бақшасы қанжығасына байлады.
Арнайы номинациялар бойынша – №27 «Сәт» бөбекжай-бақшасы «Үздік ұйымдастырылған балалар әрекеті», №100 «Тоғжан» бөбекжай-бақшасы «Үздік ұйымдастырылған іс-шара», №118 «Әсел» бөбекжай-бақшасы «Үздік ұйымдастырылған ойын» номинацияларын иеленді.
Аталған байқау балалардың тілдік қорын байытып қана қоймай, мемлекеттік тіл – қазақ тілін насихаттауға және жас ұрпақтың бойына тілге деген сүйіспеншілікті сіңіруге өз үлесін қосқандай болды. Осындай байқаулар арқылы балабақша тәрбиеленушілері тіл үйренудің маңыздылығын түсініп, өзара қазақша сөйлесуге ынталанатыны анық.
Іс-шара барысында педагогтер мен ата-аналар тарапынан белсенділік пен қолдау байқалды. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жиі ұйымдастырылып, тіл үйрету процесі шығармашылықпен, қызықты тәсілдермен жалғасын таба бермек.
«Қазақшаң қалай, балақай?» байқауы тек білім жарысы ғана емес, бұл – ұлттық рухты сіңірудің, тілге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеудің таптырмас құралы.








