Шымкентте қазақ тілін меңгерген этнос өкілдері көбейіп келеді

0
113

Бүгін Қазақстан халқының тілдері мерекесі қарсаңында Абай атындағы орталық кітапханада «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын арттыру болды.

Іс-шара аясында қатысушылар мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны, оның тарихи маңызы мен болашағы туралы ой қозғап, тіл саясатын жүзеге асырудағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтарға қолайлы жағдай жасау, оқыту курстары мен мәдени іс-шаралар арқылы қызығушылықты арттыру жолдары қарастырылды.

Дөңгелек үстелге «Тіл жанашыры», «Құрмет» белгісінің иегері Қабыл Дүйсенбі, Абай атындағы орталық кітапхананың директоры Нұрила Серікбайқызы, ардагер ұстаздар Жарқынай Арысбаева, Гүлжан Талипбаева, Әбила Көздібаева, Балтакүл Бағысбаева, Мамыркүл Тілеуқабылова, Шымкент қалалық филиалы, қала білім басқармасы Әдістемелік орталығы, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері Нурхаят Байрамова мен Севинч Азаматова және өзгеде тіл жанашырлары қатысты.

Қатысушылар өз сөздерінде мемлекеттік тілдің ел болашағы үшін маңызы зор екендігін баса айтып, тіл саясаты саласындағы жетістіктер мен алдағы атқарылар міндеттерге тоқталды. Тіл жанашырлары тілдің тағдырына бейжай қарамай, жас ұрпаққа ана тілді құрметтеуді үйрету – баршамыздың ортақ парызымыз екенін атап өтті. Жастар ұйымының мүшелері болса, қазақ тілін меңгеру – әрбір азаматтың азаматтық борышы екенін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Мемлекеттік тіл – елдің айбыны, рухани тірегі. Қазақ тілін дамыту – тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір азаматтың жүрек қалауынан туындайтын қасиетті міндет. Біз тілді құрметтеген сайын, өз болмысымызды, өз елдігімізді құрметтейміз», — деді Қабыл Дүйсенбі.

Жиында мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру жолдары, жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін күшейту, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті насихаттаудағы мектеп пен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында қазақ тілін жетік меңгерген түрлі ұлт өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, тіл арқылы ұлттық бірлік пен татулықты нығайтуға болатындығын айтты. Шара соңында қатысушылар мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтардың ортақ байлығы екенін атап өтіп, оны дамыту мен насихаттау бағытында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.


ПІКІР ЖАЗУ