Шымкент қаласының жастары ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртты

0
205

Тәуелсіз еліміздің әдет-ғұрыптарын насихаттауды,  ұлттық және патриоттық сананы қалыптастыруды көздеген Шымкент қаласы жастарының «Тарихи күндер тізбегімен» атты өңірлік мәдени-танымдық фестивалі биыл да жалғасын тапты. Аталған жарыс қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен  Маятас елді мекенінде өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – қала жастарының азаматтық және шығармашылық белсенділігін арттыру, дарынды жастарды анықтау және тәуелсіздік тағылымын таныта отырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу.

Сондай-ақ еліміздегі түрлі салалардың дамуына үлес қосып жүрген жастарды жігерлендіру және дарындылығымен дараланған жас ұрпақты жетістікке жетуге  ынталандыру, еселі еңбегін бағалау. Демалыс аймағында жоғары оқу орындарының шәкірттері барлығы дерлік ұлттық нақыштағы киім үлгісінде киініп келді. Олар алдымен 10 командаға бөлініп, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне арналған театрландырылған көріністерді сахналады. Бұдан соң қатысушы қыздар бауырсақ пісіріп, қамыр жайып, кеспе турады. Қыздар ұлттық тағамдарды дәмді етіп дайындауда бар өнерлерін салды. Ал ер азаматтар арқан тарту, қошқар көтеру, садақ ату, қол күрес сияқты ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Фестивальдің әділ өтуін бақылап отыру үшін арнайы төрешілер шақыртылды.

Кешкі бағдарламада Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, мұндай басқосулар жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге, ұлтық дәстүрді қайта жаңғыртуға өз септігін тигізетінін жеткізді.

— «Жастар арасында «Тарихи күндер тізбегімен» атты фестивалі екі күнге жалғасты. Алғашқы күні ер жігіттеріміз ұлттық ойындар бойынша сайысқа түскен болса, екінші күні ару қыздарымыз қазақтың ұлттық тағамдарын әзірледі. Мұндай келер ұрпаққа берері мол іс-шаралар келешекте  жалғасын табады»,- деді.

Тағылымды іс-шара шеңберінде жастар жан-жақты белсенділік танытып, өздерін қоғамның қозғаушы күші екенін көрсетті. Қала әншілері Қуаныш Әбжапбар мен Ақсұңқар, «Ақбұлақ» және «Самал-3» және  «Жайдарман» командаларының өнерлері жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.

Фестивальдің қорытынды нәтижесінде қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Аружан Русланқызы жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттап, жастардың алдағы қадамдарына сәттілік тіледі. Екі күнге созылған іс-шара осылайша ел жастарының рухани дамуына, бірлігін нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

 


ПІКІР ЖАЗУ