Шымкентте ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған шара ұйымдастырылды

Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында Конституция күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. «Ата Заңым – айбыным» атты бұл жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Биыл еліміздің басты құжаты Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл тарихи белесті айшықтаған іс-шара басты мақсаты да сол, ел азаматтарының құқықтық мәдениетін арттыру, Ата Заңның қоғамдағы маңызын насихаттау және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталды.

Мерекелік кеш Мемлекеттік Ту мен Конституцияны сахнаға алып шығу рәсімімен басталып, Мемлекеттік әнұран шырқалды. Бұдан соң көпшілік назарына тақырыпқа сай дайындалған бейнеролик ұсынылды.

Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Конституцияның ел дамуындағы орнына тоқталып, барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтады.
– Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің берік діңгегі. Бұл – тәуелсіздігіміздің ең ұлы жетістіктерінің бірі. Себебі, Конституция еліміздің негізгі заңы ғана емес, мемлекетіміздің тірегі, қоғамымыздың тұғыры. Ұлы дала тарихына зер салсақ, ата-бабамыз әділдікке, заңдылыққа әрқашан ерекше мән берген. Елдің тұрмыс-тіршілігін реттеп, дау-жанжалды шешкен билер соты – соның айқын айғағы. Ал Әз-Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» құқықтық мәдениетіміздің асыл қазынасы болды. Бүгінгі Ата Заңымыз сол дәстүрдің заңды жалғасы екені сөзсіз. Біз Ата Заңымызды әрдайым қастерлеп, болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Мерекелеріңіз құтты болсын!» деді шаһар басшысы.
Бұдан кейін салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік медаль тағынды. Мерекелік кеш ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Қала тұрғындары мен қонақтары патриоттық рухтағы «Ата заң», «Атамекен», «Қазақ елі», «Жаңа Қазақстан» сынды әндерді тыңдап, «Дала даналығы», «Қазына», «Яссы» би ансамбльдерінің өнерін тамашалады. Сондай-ақ, «Көшпенділер», «Қыран бүркіт», «Алаш ұраны» сияқты ұлттық шығармалар көпшілік көңілінен шықты.
Еліміздің іргесін бекемдеуге бағытталған патриоттық іс-шара соңында сахнаға Ықылас гүлі әкелініп, мерекелік кеш мәресі әсерлі аяқталды. Осылайша, Конституциясының 30 жылдығына арналған концерттік бағдарлама қатысушыларға ұлттық рух сыйлап, маңызды құжаттың мән-мағынасын тағы бір ашып берді.








