Жас ұрпақ Абай мұрасымен жақынырақ танысты

0
199

Шымкент қалалық «Достық үйінде» Ассамблея жастарының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, әдеби тілдің негізінқалаушы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай ілімі – ұлы мұра» атты қалаушы тағылымды әдеби кеш өтті.

Іс-шараның мақсаты – ұлы ақын Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың санасына еңбекқорлық, білімге құштарлық сияқты Абай ұстанған адамгершілік қасиеттерді сіңіру. Бұдан бөлек, оның даналыққа толы ілімін заманауи көзқараспен зерделеп, ұлттық сана мен рухани бірлікті нығайту, ұлттық құндылықтар арқылы жас буынды рухани тәрбиелеу болды.

Рухани әдеби кешке қала жастары, жоғары оқу орындарының студенттері, зиялы қауым өкілдері, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жастары қатысты.

Жиын барысында Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшесі, «Muzbalaq.KZ» сайтының редакторы Базаркүл Қалбыр, Абайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы кеңінен сөз қозғады. Ол сондай-ақ ақын мерейтойына орай, Семей өңірінде ұйымдастырылған республикалық және халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралардан тың деректер мен қызықты мәліметтерді ортаға салды.

Әдеби кеште қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, оның мәңгілік мұрасын жастар жүрегіне жақындата түсті. Әрбір оқылған жол – оларды терең мағына мен парасатқа толы ойға жетелеп, жастардың рухани дүниесін барынша байытты. Студенттер Абайдың «Қара сөздеріндегі» адамгершілік, еңбек, білім, тәрбие туралы айтылған ойларына жеке көзқарастарын білдіріп, оның идеяларының бүгінгі күнмен үндес екенін атап өтті. Сонымен қатар, қатысушылар Абайдың «толық адам» ілімін, адамгершілік пен кемелдікке жетудің жолдарын, бұдан бөлек, ақынның өмірлік философиясын бүгінгі заман талаптарымен сабақтастырып, өзара ой бөлісті.

Кеш соңында жастар Абай мұрасынан рухани қуат алып, ұлттық сана мен тәрбиенің бастауы осындай ұлы тұлғалардың өнегелі ілімінде жатқанын тағы бір мәрте сезінді. Ұлы ойшылдың сөздерінен қуат алып, бүгінгі күнге қажетті тәлім мен тағылым түйді. Бұл кездесу жастардың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ой-санасын жаңғыртып, Абай ілімін тереңірек түсінуге жол ашты. Іс-шара көпшіліктің көңілінен шығып, оларға рухани серпіліс сыйлады.


ПІКІР ЖАЗУ