Этносаралық татулықты нығайту бойынша төтеншеліктермен кездесу өтті

Қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтық қорғау саласының маңызын насихаттау және төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісу мақсатында бірқатар ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілуде. Соның аясында Сайрам тұрғын алабында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Қаратау ауданының №6 өрт сөндіру бөлімінде төтенше жағдайлар қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – азаматтық қорғау саласындағы қызметтің маңыздылығын түсіндіру, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті ерлікке толы еңбегін насихаттау, сондай-ақ тұрғындардың төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету тәртібі туралы білімін арттыру болды. Жиынға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Нұрдаулет Аманкелді, сондай-ақ Қаратау ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің бас инспекторы Шайра Расулходжаева қатысты.
Кездесу барысында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, қазақстандық патриотизмді дәріптеу, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру мәселелері қозғалды. Қатысушылар ұлт бірлігін сақтау, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті дамыту, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттырудың қоғам тұрақтылығы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтану, этнос өкілдері арасындағы өзара құрметті күшейту, бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтау жайында кеңінен әңгіме өрбіді.
Мұндай іс-шаралар қоғамдағы бірлікті нығайтып қана қоймай, төтенше жағдай саласы қызметкерлерінің рухани құндылықтарын арттыруға, елдік мүдде жолындағы ынтымақ пен сенімділікті бекемдеуге ықпал етпек. Сонымен қатар, бұл кездесулер қызметкерлердің адамгершілік, кәсіби және патриоттық қасиеттерін шыңдауға, ұжым ішіндегі бірлік пен ұйымшылдықты арттыруға, халықпен өзара тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.










