Шымкентте полицейлер патриоттық сағат ұйымдастырды

0
267

Отанға деген патриоттық рухты арттырудың басты жолы — қоғамдағы әрбір азаматтың мемлекеттік тілге құрметпен қарауынан басталуы тиіс. Бұл – олардың  ел алдындағы азаматтық жауапкершілігінің айғағы.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іспен көтеру – баршамыздың ортақ парызымыз. Қазақ тілінің қоғамның барлық саласында еркін қолданылуы еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтып, ұлттық болмысымызды сақтаудың және болашаққа сенімді қадам басудың кепілі болмақ.

Мемлекеттік тілді дамыту – Қазақстан халқының тарихи және мәдени мұрасын сақтау жолындағы маңызды басымдықтардың бірі. Осы бағыттағы игі бастамаларға әрбір азамат қолдау көрсетіп, ел болашағына үлес қосуы тиіс.

Осы орайда, Ішкі істер органдарындағы Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, полиция мамандығының беделін арттыру және Ішкі істер органдары қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында Шымкент қаласының Полиция департаментінде патриоттық сағат ұйымдастырылды.

Іс-шара Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі оқытушысы Гүлшахра Абдуғаппарованың қатысуымен өтті.

Патриоттық сағат барысында мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығы, оны күнделікті қызметте қолданудың қажеттілігі мен артықшылықтары талқыланды.

Қатысушылар қозғалған тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салып, тілдік тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік алды. Атап айтқанда, мемлекеттік тілде еркін сөйлеу, кәсіби терминологияны дұрыс қолдану, ресми құжаттармен жұмыс істеу дағдыларын шыңдап, өзара тәжірибе алмасты. Бұл олардың тілдік құзыреттілігін арттыруға және қызметтік коммуникация сапасын жақсартуға оң әсер етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралардың мемлекеттік тілді насихаттау мен мәртебесін арттырудағы маңызы мол. Сонымен қатар, бұл бастамалар ішкі істер органдары қызметкерлерінің тіл мәдениетін дамытуға, мемлекеттік тілді еркін меңгеру арқылы халықпен тиімді қарым-қатынас орнатуға, кәсіби этика мен қызметтік коммуникацияны жетілдіруге септігін тигізеді. Және қызметкерлердің рухани-адамгершілік деңгейін көтеріп, олардың Отанға, елге адал қызмет етуге деген ынтасын арттырады.


ПІКІР ЖАЗУ