Парламенттің үшінші сессиясының жұмысы аяқталды

Парламент Мәжілісінің телеграмм парақшасынан
Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII сайланымдағы үшінші сессияның жұмысын қорытындылады. Осы сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды деп хабарлайды Democracy.kz ақпараттық порталы mazhilis_kz сілтеме жасап.
– Осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді. Біз әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеміз. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. Парламенттің күнделікті жұмысы ең әуелі осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған, – деді Мәжіліс төрағасы.
Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді. Жыл басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдер көлемі де, алушылар саны да артты. Халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді.
Мәжіліс спикері Парламент бұл сессияда маңызды үш салалық кодексті жаңғыртып, жүргізіліп жатқан реформалар талабына бейімдегенін айтты. Лудоманиямен күрес бойынша да жұмыс жалғасты. Депутаттар некеге тұруға мәжбүрлеу ісі үшін қылмыстық жауаптылық енгізді. Сондай-ақ Парламент адамның бет-жүзін тануға бөгет болатын киім киюге де тыйым салды.
Сонымен қатар депутаттар сот жүйесін жаңғырту бағытында жұмысты жалғастырып жатыр. Сессияда әскердің әлеуеті мен қорғаныс қауқарын күшейтетін 4 заң қабылданды. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің заңнамалық негізі жасалды. Депутаттардың бастамасымен дарынды балаларды қолдауға қатысты нормалар енгізілді.
Палата спикері Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданған Рақымшылық туралы заң нағыз ізгіліктің көрінісі екеніне назар аударды. Сессия барысында депутаттар халықаралық парламенттік ұйымдар аясында белсене жұмыс істеп, 307 халықаралық іс-шараға қатысты, 34 шет ел парламентімен ынтымақтастық орнатты.
11 Үкімет сағаты мен 3 парламенттік тыңдалым өтті. Жоғары аудиторлық палатаның есебі екі рет тыңдалды. Мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Депутаттарға екі мыңнан астам адам жүгінген. Кейбір депутаттар күніне 100 азаматқа дейін қабылдаған. Азаматтардың 30 мыңнан астам хаты қаралды.
Жиын соңында Палата спикері Үкімет мүшелеріне, Сенат пен Мәжіліс аппараттары қызметкерлеріне, азаматтық қоғам мен сарапшылар қатарындағы серіктестерге қажырлы еңбектері үшін алғысын білдіріп, заң шығару жұмысын жоғары деңгейде жариялап көрсеткен баспасөз өкілдеріне рақмет айтты.