«Салауатты ұрпақ» жобасы: спорт — өмір салты.
Қазіргі қарқынды өмір ырғағы мен цифрландыру жағдайында жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген тұрақты ынтасын қалыптастыру ерекше маңызды. Осы тұрғыда Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Сана» зияткер жастар мектебі қоғамдық қоры жастарды спорт арқылы белсенді өмір салтына тартуға бағытталған ауқымды «Салауатты ұрпақ» жобасын іске асыруда.
«Салауатты ұрпақ» жобасы дене белсенділігінің негізгі бағыттарын қамтиды:
- марафондар,
- велошерулер,
- тауға жаяу серуендер (хайкинг).
Жоба 16-34 жас аралығындағы, әсіресе жұмысшы жастарға бағытталған. Жоба аясындағы іс-шаралар жыл бойы Алматы қаласының әртүрлі локацияларында өтіп, жүздеген қатысушыны жинайды.
🎯 Жобаның мақсаты мен міндеттері
Мақсаты: жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жастар ортасында дене мәдениетін дамыту.
Міндеттері:
- тұрақты физикалық белсенділік дағдысын қалыптастыру;
- жастардың денсаулығы мен төзімділігін нығайту;
- отансүйгіштік пен табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру;
- экологиялық және спорттық мәдениетті дамыту;
- жұмысшы жастарға бейформалды қарым-қатынас алаңын қалыптастыру.
Кімасар шатқалындағы хайкинг: спорт, табиғат және командалық рух
📍 2025 жылғы 31 мамырда Жұмысшы мамандықтар жылы және «Салауатты ұрпақ» жобасы аясында Алматы қаласы жұмысшы жастары арасында Кімасар шатқалында хайкинг-сайыс сәтті өтті. Іс-шараны «Сана» зияткер жастар мектебі» қоғамдық қоры Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасыныңқолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараға әртүрлі жұмысшы мамандықтарын ұсынатын 16-34 жас аралығындағы жастар қатысты. Сайыс алдын ала белгіленген қауіпсіз тау бағытымен өтті. Қатысушыларға таулы бағытты жаяу жүріп өту, спорттық қарқынды сақтау және топтық жұмысқа бейімделу қажет болды.
✅ Барлық қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен, ауыз сумен және медициналық сүйемелдеу қамтамасыз етілді.
✅ Бағдарламаға ұлттық және спорттық ойындар да енгізілді, бұл қатысушылардың көңіл-күйін көтеріп, командалық рухты арттыруға ықпал етті.
✅ Жеңімпаздар ұпай санына қарай анықталып, дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталды.
Хайкинг тек спорттық шара ғана емес, сонымен қатар табиғат аясында демалып, жаңа таныстық орнатып, жастардың бірлігін арттыруға бағытталған ерекше мүмкіндік болды.
📌 «Салауатты ұрпақ» жобасы аясында алдағы уақытта да жастарды белсенді өмір салтына тартуға арналған спорттық іс-шаралар жалғасатын болады.
📍 Жоба жастар саясатын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.








