27 тілде үн қатқан музыка

0
40

29 сәуірде «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелікконцерт өтеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов елімізде тұрып жатқан халықтың 27 тілінде әндер шырқалатын «Халық әуендері» бағдарламасын таныстырады.

Концерт ассамблеяның мерейлі жылына ғана емес, сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігі күніне де орайластырылған, сондықтан бұл мереке осы шараға айрықша маңыздылық үстейді. Жүзден астам этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін біздің көпұлтты елімізде музыка әрдайым мәдениетаралық диалогтың маңызды құралы болды.

30 жыл бұрын, яғни 1995 жылы енді ғана құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бастапқыда қанат қақты жоба ретінде таныстырылды. Сол кезде көпшілік 130 этносты бір жерге біріктіруге бола ма деп күмәнданған еді. Енді, міне, үш онжылдық өткеннен кейін Қазақстан бірліктің үлгісіне айналғаны анық.

Опера әншісі Азамат Жылтыркөзов мерейлі датаға орай «Халық әуендері» жинағын дайындады. Бұл жинақ қазақстандық көп этностылықтың музыкалық энциклопедиясы іспетті. Оған Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан халықтың 27 тіліндегі романстары мен әндері енді.

Бұл жинақты шығару идеясы көпжылғы шығармашылық қызмет пен шетелдегі Қазақстан мәдениеті күндеріне арналған концерттерге, сондай-ақ халықаралық байқауларға белсенді қатысу нәтижесінде туындады. Айта кетейін, ұйымдастырушы елдің композиторларының романсын немесе халық әнін орындау халықаралық байқаулардың міндетті талаптарының бірі болатын. Осы өнер көрсетулер маған және менің концертмейстерім Ләйлә Сейітоваға шабыт берді. ЛәйләҚалайдарқызымен барлық халықаралық байқауларда, Қазақстанның бай көпұлтты мәдени мұрасын бейнелейтін жинақты құрастыруда жұмыс істеу бақыты бұйырды. Осындай музыкалық қазынаны неге біріктіріп жинамасқа деп ойладым. Сөйтіп, жинақ туралы идея пайда болды. Еліміздің қаншалықты сан алуан әрі жарасымды екенін көрсету үшін біз 27 тілдегі әндер мен романстарды топтастыруды ұйғардық. Әрбір халықтың музыкалық сан алуандығы мен олардың Қазақстан мәдениетіне қосқан үлесін паш ету үшін бір жинақта елімізді мекендеген түрлі этностардың әндерін біріктіруге тырыстық, — деп әңгімеледі Азамат Жылтыркөзов.

Осынау жеке концертте әнші тыңдармандарды таулар, далалар мен қалалар арқылы жетелеп, әрбір мәдениетке тоқталатын музыкалық «машинистен» кем түспейді. Сонымен, көрермендерді әсерлі татар әуендерінен бастап отты әзірбайжандық мугамдарға дейін, лирикалық орыс, украин романстарынан бастап эпикалық моңғол балладаларына дейінкездесулер күтеді.

Туындыларды іріктеу барысы қызықты әрі күрделі болды. Бізжинаққа қосқан туындылар түрлі этностарды таныстырып қана қоймайды, сонымен бірге олар терең музыкалық әрітарихи мәнге ие. Көптеген ән ауызша жеткен, сондықтан олардың нақты транскрипциясы қосымша еңбектенуді қажет етті. Сондай-ақ біз орындаудың түпнұсқалығын сақтау үшін этнографтармен, музыкатанушылармен және ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдерімен кеңестік. Кейбір туындыларды табу қиынға түсетіні жинаққа ерекше маңыздылық үстейді, себебі жинақтағы туындылардың біразы өзге елдердің архив басылымдары мен дерек көздерінен жиналды. Ноталарды іздеп, музыканттармен және зерттеушілермен әңгімелестік, тіпті кейде әуендерді мәдениеттің нақ өкілінің айтуымен жазып алып отырдық. Әсіресе сирек қолданылатын тілдерге келгенде қиындықтар болды, дайын ноталар мен дұрыс мәтінәрдайым табыла бермейтін. Дегенмен біз үшін ең құнды нәрсебұл – мәдениеттің нақ өкілдерімен кездесу болды. Олар хикаялармен бөлісіп, әрбір композицияның шынайы рухын жеткізуге көмектесті. Әріптестеріміздің қолдауы мен ынтасы арқасында жинақты жасап шығару қолымыздан келді.

Мәдени диалогтың, өзара түсіністік пен түрлі этностардың дәстүрлеріне деген құрметтің ерекше атмосферасын Азамат Жылтыркөзовпен бірге оның әріптестері, опера әншілері, түрлі ұлт өкілдері — меццо-сопрано Василиса Савкина, сопрано Марьям Галиева, тенор Павел Ким, баритондар Нематилло Зкруллаев пен Мунхтувшин Хоролгарав жеткізеді. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Ләйлә Сейітова мен Дина Мирманова орындайды.

Әнші көптеген этникалық туындылардың ішінде өзіне қытай, кәріс және жапон тілдеріндегі әндер әсер еткенін атап өтті. Олардың әуезділігі, ритмикалық құрылымы мен интонациялық әсемдігі таңғалаларлықтай мәнерлі әрі терең болып, эмоциялық қабылдаудың жаңа қырларын ашқан. Сондай-ақ түрлі ұлтқа жататын қазақстандық композиторлардың көпшілік біле бермейтін романстары мен үшін нағыз жаңалық болды. Бұл туындылар өздерінің шынайылығымен тебірентіп,интерпретациялауға айрықша сақтықпен және парасаттылықпен келуді талап етті, — деп атап өтті орындаушы.

Орындау күрделілігі көп жағдайда тіл фонетикасы мен оның вокалдық ерекшелігіне байланысты. Мәселен, қытай мен жапон тілдері дауыс ырғағы мен дыбыстау нюанстарына жекекөңіл бөлуді қажет етеді, ал әзірбайжан мен моңғол тілдеріерекше тыныс пен артикуляциялық дәлдікті талап ететінкүрделі ритмикалық бояулармен өзгешеленеді. Фонетикасы үйреншікті емес тілдерде ән айту кезінде көптеген қиындыққа тап боласың, бұған сол тілдердің бірегей дыбыс шығаруы мен тілдің өзіндік құрылымы себеп. Алайда басты міндет – техникалық орындау ғана емес, сонымен қатар эмоциялық тереңдікті жеткізу болып табылады, себебі әрбір ән халықтың көп жылғы дәстүрі мен тарихының ерекшелігін қамтиды,деп сөзін жалғастырды Азамат Жылтыркөзов.

Әңгіме соңында әнші бойында мақтаныш, тебіреніс пен қуаныш сезімі пайда болғанын атап өтті.

Бірегей дүние жасағанымыз үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Жинақ қазақстандық музыка тарихында лайықты орын алады деген сенімдемін. Оның ықыласпен және қызығушылықпен қабылданғанын қалаймын, сондықтан концерт алдында толқыныс сезімі де жоқ емес. Әрине, осы еңбекті көрермендермен бөлісуге мүмкіндігіміздің барына қатты қуаныштымын. Қазақстан барлық этностың еңбегі мен талпынысының күшімен құрылып, нығайғанын айтқым келеді. Үйлерімізде сан алуан тілдердегі әндер шырқала берсін, ал балаларымыз көпұлтты мұрамыз үшін мақтанышты сезініп өсіп, осы байлықты бағалауды үйренсе екен деймін. Ең бастысы әлемде қандай өзгерістер орын алса да, барлығымызға үлкен отбасы болып қала беруді тілеймін.


ПІКІР ЖАЗУ