Мақсары дақылына қолдау көрсетіп жатыр

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды
Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары ортасынан ауды деп хабарлайды Democracy.kz ақпараттық порталы 24 kz -ке сілтеме жасап.
Қазір өңірдегі алқаптарда көкөніс, бақша дақылдарынан бөлек, арпа-бидай, майлы және бұршақты дақылдар егіліп жатыр. Биыл мақсары өсірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Соның нәтижесінде майлы дақыл егушілердің қатары көбейген. Төлеби ауданы Бірінші Мамыр ауылының тұрғыны Қазыбек Мұздыбаев биыл 180 гектар аумаққа мақсары дақылын егіп жатыр. Біріншіден, мақсары жердің құнарын жақсартса, екіншіден, оның майына көрші Қытай елінен сұраныс артқан. Сондықтан диқанның биылғы жылдан үміті зор. Ауа райы қолайлы болып тұрса алдағы 2-3 күнде дән себу жұмыстарын аяқтайтынын айтады.
Қазыбек Мұздыбаев, шаруа: — Тұқымды біз өзіміздің агрегатымыз бар, тазалап шығарады.
Ұрықты өзімізде өндіреміз. Мақсарының бағасы бидай мен арпадан жоғары жүреді. Мысалға бидайдың алғашқы кездегі бағасы 60 теңге, қысқа қарай 80 теңге болса, мақсары 100 теңгеден басталып, қазір 150-160 теңгеге көтеріліп отыр. Мақсарыға сұраныс жоғары, көрші Қытайдан сұраныс көп болып жатыр. Қазыбек Мұздыбаев биыл егіс алқабынан 200 тонна мақсары өнімін алуды жоспарлап отыр. Төле би ауданы мен Шымкент қаласында мақсары дақылын қабылдап, одан май шығаратын 3 кәсіпорын жұмыс істейді. Шаруалар күздің күні дайын өнімді сонда өткізіп, мемлекеттік қолдауға ие болады.
Биыл аудан шаруалары 65 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Жаздық және күздік бидай 16 мың гектарға орналастырылса, арпа 7 мың, мақсары 11 мың гектарға егілмек. Асхат Райымбеков, Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы: — 2,5 мың жаздық бидай толық егіліп бітті. 3,5 мың арпа дақылы егілді. 4 мың гектарға жуық мақсары дақылды егілді. Ауданымыз мақсары дақылын егуден, оны өндіруден озат аудандардың бірі.
Биылғы жылдан бастап шаруалардың өтініші негізінде мемлекет тарапынан қолдау тауып, әрбір өндірілген өнімнің тоннасына 10 мың теңгеден қаржы қаралып отыр. Осының негізінде шаруалардың қызығушылығы өте жоғары. Төле би ауданында көктемгі дала жұмыстарына 2,5 мың тонна тыңайтқыш, 317 тонна жеңілдетілген жанармай қаралған. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында шаруалар 46 млн теңге жеңілдетілген несие алып, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында мақсары дақылы 71 мың гектар аумаққа егіледі деп күтілуде. Бүгінге дейін соның 30 мың гектарына дән сіңірілген.