Ақмола облысында көше атаулары қашан өзгертіледі?

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.
Ақмола облысында елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау бойынша жұмыстар жүргізілгенімен, олардың ресми түрде бекітілуі уақытша тоқтап тұр.
Ақмола облыстық ономастика комиссиясы Ақкөл, Астрахан, Бурабай, Зеренді және Целиноград аудандары әкімдіктерінен түскен ұсыныстарды қарап, тиісті оң қорытынды шығарған болатын. Осы қорытындыға сәйкес, бірқатар көшелерге тарихи тұлғалардың, ұлттық батырлардың және мәдениет қайраткерлерінің есімдерін беру қарастырылған.
Зеренді ауданы мен Целиноград аудандарында да осы сипаттағы ондаған көше атауы ұлттық санаға жақын, тарихи және мәдени маңызы бар атаулармен алмастырылуы тиіс болатын.
Қайта атау мақұлданғанымен, ресми шешім қабылданған жоқ. Ономастика комиссиясының оң қорытындысы болғанымен, бұл атаулардың ресми түрде күшіне енуі үшін облыс әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі қажет. Алайда, қазіргі кезде елді мекендер мен көшелерді қайта атау процесі Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына және 2024 жылға арналған Жол картасына сәйкес уақытша тоқтатылған.
Бұл мәселенің нақты шешілетін мерзімі әзірге белгісіз. 2025 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Али елді мекендер мен көше атауларын қайта атау жұмыстарын саяси ахуалға байланысты тоқтата тұру туралы ресми хат жолдаған.
Соған байланысты, Ақмола облысы бойынша да ономастикалық өзгерістерді іске асыру белгісіз мерзімге дейін кейінге қалдырылып отыр. Жаңа өкім шыққан жағдайда ғана бұл ұсыныстар қайта қаралып, заңды түрде бекітілуі мүмкін.
Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ








