Петровка мен Николаев атаулары өзгеруі мүмкін, бірақ уақытша бұл жұмыс тоқтатылды

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды
Ақмола облысының Астрахан ауданына қарасты Петровка ауылы мен Николаев ауылдық округін қайта атау мәселесі соңғы жылдары күн тәртібінен түспей келеді. Бұл ұсыныс идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды заманауи және ұлттық болмысты бейнелейтін атаулармен алмастыру бағытындағы мемлекеттік саясат аясында қарастырылып отыр.
Оң қорытынды алынғанымен, жұмыс тоқтатылды.2023 жылғы 28 сәуірде Ақмола облыстық ономастика комиссиясы Петровка ауылын – Жыланды ауылы деп қайта атау туралы ұсынысты қолдады. Ал 2024 жылғы 13 ақпанда өткен келесі комиссия отырысында Николаев ауылдық округін – Жыланды ауылдық округі деп өзгертуге қатысты ұсыныс та оң шешім алды.
Қайта атау бойынша құжаттар Ақмола облысы әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихат шешімін шығару үшін тиісті органдарға жолданған. Алайда, 2023 жылы өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ономастикалық рәсімдерге қатысты берген тапсырмасына сәйкес, елді мекендер атауларын өзгертуді уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты, 2023 жылға арналған Жол картасының жүзеге асырылуы арнайы өкім шыққанға дейін белгісіз мерзімге тоқтатылған.
Саяси жағдайлар әсерінен 2025 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Али елді мекендерді қайта атау жұмыстарын 2024 жылға арналған жол картасы бойынша да тоқтата тұру қажеттігін ескерткен ресми хат жолдаған. Бұл шешім қазіргі саяси ахуалмен байланысты қабылданғанын атап өткен жөн. Бұл мәселе болашақта қайта қаралуы мүмкін.
Қазіргі таңда Петровка ауылы мен Николаев ауылдық округін қайта атау бойынша жұмыстар уақытша тоқтатылғанымен, бұл мәселе келешекте міндетті түрде өз жалғасын табады. Идеологиялық жағынан көнерген атауларды өзгерту – елдің ұлттық бірегейлігін нығайтудың маңызды бір бөлігі болып қала бермек.
Аталған шешімге қатысты азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес, жоғары тұрған әкімшілік органға немесе сотқа дейінгі тәртіппен шағым түсіруге құқылы.
Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ








