Наурыз мерекесіндегі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу ұрпаққа міндет

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды
Наурыз – қазақ халқы үшін ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, ата-бабамыздан мирас болған құндылықтарды дәріптейтін ерекше мейрам. Бұл күні халқымыз ұлттық киімдерін киіп, қонақ күтеді, араздасқандар татуласып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнайды. Ұлыстың ұлы күнінде орындалатын дәстүрлер ұлт руханиятының ажырамас бөлігі саналады.
Көрісу – татулықтың белгісі. Наурыз мейрамы қарсаңында, яғни 14 наурыз күні Қазақстанның батыс өңірінде «Көрісу» дәстүрі өткізіледі. Бұл күні адамдар бір-бірімен қол алысып, амандық-саулық сұрасып, «Жасың құтты болсын!», «Наурыз құтты болсын!» деген тілектерін айтады. Көрісу – үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің жарқын үлгісі.
Бата беру – жақсылыққа бастайтын жол. Қазақ халқында үлкендердің батасы – ең маңызды рухани дәстүрлердің бірі. Наурызда ақсақалдар жас ұрпаққа, ел-жұртқа ақ тілек білдіріп, бата береді. Бұл дәстүр адамдарды жақсылыққа жетелейді және болашаққа сеніммен қарауға үндейді.
Наурыз көже – ырыс пен молшылықтың нышаны. Наурыз мейрамында әр үйде жеті түрлі тағамнан жасалған наурыз көже дайындалады. Оның құрамына су, ет, тұз, май, бидай, сүт, және ұн өнімдері кіреді. Бұл – жыл бойы дастарқан мол болсын деген ниеттің белгісі. Халық арасында «Наурыз көжені қанша көп ішсең, жыл бойы сонша тоқшылық болады» деген наным бар.
Наурызда қазақтың ұлттық ойындары ерекше маңызға ие. Бұл күні жастар көкпар, бәйге, арқан тартыс, қыз қуу, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ойындар ойнап, мейрамды тойлайды. Ұлттық ойындар – халқымыздың мәдени мұрасы, оны дәріптеу – ұлт руханиятын дамыту деген сөз.
Араздықты ұмытып, жаңа жылды таза көңілмен қарсы алу. Наурыз – өкпе-ренішті кешіріп, татуласу мейрамы. Бұл күні адамдар ескі реніштерді ұмытып, бір-біріне кешіріммен қарап, татулықты нығайтады. Бұл дәстүр «Ұлыстың ұлы күнінде ренішіңді ұмыт» деген халық даналығымен астасып жатыр.
Наурыз мейрамы – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыратын ерекше мереке. Бұл күні орындалатын әрбір дәстүр халықтың мәдениетін, тарихын, өмір сүру салтын айқындайды. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, Наурыз дәстүрлерін дәріптейік!
Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ