Наурыз – көктемнің жаңару мейрамы

0
75

Наурыз – табиғаттың оянуын, жаңа жылдың басталуын білдіретін көне әрі қасиетті мейрам. Бұл күн – күн мен түннің теңеліп, қыстың ызғары сейіліп, жердің жаңаратын уақыты. Көктемнің келуімен бірге жер бетінде тіршілік жанданып, адамзат үшін жаңа үміттер мен жақсылықтардың бастауы болмақ.

Наурыз – жыл мезгілдерінің ауысуымен тығыз байланысты мейрам. 21-22 наурыз күндері табиғатта үлкен өзгерістер орын алады: күн мен түн теңесіп, жылылық қайта оралады. Бұл күнді ата-бабаларымыз ерекше күтіп, көктемді қуанышпен қарсы алған. Қазақ халқы бұл мерекені табиғаттың қайта жаңаруы мен молшылықтың белгісі деп санайды. Қар еріп, жер бусанып, ағаштар бүр жара бастайды. Мал төлдеп, тіршілік жанданады. Халық «Наурызда самал жел соқса, жыл берекелі болады» деп, табиғаттың әр құбылысын жақсылыққа балаған.

Наурыз мейрамының тарихы мыңдаған жылдар тереңінен бастау алады. Бұл мерекені түркі халықтарымен қатар, парсы, тәжіктер, үнділер, ирандықтар және көптеген шығыс елдері ежелден тойлап келеді. Көне түркілер бұл күнді Жаңа жылдың бастауы ретінде қабылдап, ерекше дәстүрлерді қалыптастырған. Ғалымдардың пайымдауынша, Наурызды тойлау дәстүрі шамамен 3000 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Кейбір деректерде Наурыз атауы парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақ жерінде бұл мейрам «Ұлыстың ұлы күні» деп аталып, береке мен бірліктің нышаны ретінде бағаланған.

Наурыз мерекесін әр халық әр түрлі тойлайды. Бұл мереке тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ортақ мерекесі. Әр халықтың өзіне тән дәстүрлері болғанымен, барлығында бұл мейрам табиғаттың жаңаруымен, көктемнің келуімен байланыстырылады. Иранда Наурыз 13 күн бойы тойланып, осы уақыт ішінде адамдар табиғат аясына шығып, серуен құрады. «Хафт син» деп аталатын арнайы дастархан жайылады, оған жеті түрлі тағам қойылады. Әзірбайжанда Наурыз мерекесі қарсаңында «Су сешенбе», «От сешенбе», «Жел сешенбе», «Топырақ сешенбе» деп аталатын төрт ерекше күн атап өтіледі. Тәжікстанда бұл мереке «Гүлнаврӯз» деп аталып, түрлі гүлдермен безендірілген ерекше думандар ұйымдастырылады. Өзбекстанда «Сумалак» тағамы дайындалады, бұл – бидайдан жасалған дәстүрлі тәтті тағам.

Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, адамдар арасындағы татулық пен бірліктің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Табиғат жаңарып, жер беті жанданып, жаңа күн басталады. Бұл мерекенің маңызы – өткенді еске алып, болашаққа жақсы үміт арту, бір-біріне құрмет көрсету және ұлы дәстүрлерді дәріптеу.

Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ