«И.С.Бахтың сонаталары мен партиталары «Астана Операның» Камералық залында шырқалады
Күләш Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Музыкалық альянс» топтамасының жалғасы ұсынылады деп Democracy.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Биыл оны әлемнің көрнекті композиторларының бірі Иоганн Себастьян Бахтың 340 жылдығына арналған концерт ашады. Осынау кеште тыңдармандарды ұлы шебердің мәңгі өшпес сонаталарымен және партиталарымен кездесу күтеді.
И.С.Бахтың Соло скрипкаға арналған сонаталары мен партиталары барокко дәуіріндегі композиторлық өнердің шыңы саналады. XVIII ғасырдың басында жазылған бұл туындылар әлі күнге дейін өзінің эмоциялық қанықтығымен және техникалық күрделілігімен таңғалдырады.
Бұл шығармалардағы әрбір аккорд, әрбір пассаж композитордың өмір, сенім және адам тағдыры туралы философиялық ой-толғамдарын қамтиды.И.С.Бахтың туғанына 340 жыл толуы – оның шығармашылығына бойлауға керемет себеп,сондай-ақ өзінің өзектілігін жоғалтпайтын шынайы әрі жігерлі музыкамен қайта тілдесуге мүмкіндік.
Жоба республикамызда танымал скрипкашылардың шығармашылық күшін біріктіреді, олардың қатарында Әнел Шәкірова, Ақмарал Жанғазина, Мәдина Капеу, Еркебұлан Сапарбаев, Әсел Жақиянова бар. Музыканттар жоба авторы әрі идеялық шабыт берушісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілхановтың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Осы ретте айта кетейік, Бағдат Әбілханов жуырда ғана «Grand Art Express –China» беделді халықаралық орындаушылық өнер байқауының «Аспаптық өнер. Скрипка» номинациясында бірінші дәрежелі лауреат атанды.
Топтаманың әрбір келесі концерті дәстүр бойынша нағыз музыкалық оқиғаға айналады,сондай-ақ туындылардың шығу тарихы жайлы көбірек білуге мүмкіндік болмақ.Концерттер бойы «Астана Операның» музыкатанушылары-жүргізушілері көрермендерге
әртістердің өнер көрсетулерін сүйемелдейтін танымдық шағын дәрістер ұсынып,композиторлардың ойларын жақсырақ түсінуге көмектеседі.
Еске сала кетейік, «Музыкалық альянс» топтамасы өткен 2024 жылы пайда болды. Ол отандық және шетелдік музыканттармен кездесу қуанышын сыйлайды. Ал оның негізгі мақсаты – ұлттық және әлемдік классиканы насихаттау.