Ресейде Қазақстандықтар ауыр жол апатына ұшырады

0
18

Тоғыз қазақстандық Ресейдің Самара облысында Самара-Үлкен Черниговка автожолының 101-шақырымында жол апатына ұшырады. Бұл туралы Democracy.kz ақпараттық порталы  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сенсек, жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат 5 қаңтар түнінде түскен. Апат салдарынан жеті қазақстандық жарақат алып, екеуі қаза тапты. Қайтыс болғандардың денелері Қазақстанға жеткізілді.

7 қаңтар таңертең жарақат алған жеті адам, оның ішінде екі бала санитарлық көлікпен Орал қаласындағы қалалық және облыстық көпсалалы ауруханаларға жеткізілді. Жарақат алғандарда мидың шайқалуы, аяқ-қолдың, жамбас сүйектерінің, омыртқаның сынуы, соғылу, гематома сияқты көптеген жарақат анықталған. Жағдайлары орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Бұл операцияға облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының 23 қызметкері және 8 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ Орал қаласынан шекаралық өткелге дейінгі колоннаны алып жүру және қайтару үшін облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысындағы Астана-Петропавл тас жолында болған ірі жол апатына ұшыраған көліктер саны 95-ке жеткенін жаздық. Ірі жол-көлік оқиғасынан кейін зардап шеккен 11 адам ауруханаға жеткізілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 70-тен астам адам жылыту орталықтарына жеткізіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.



ПІКІР ЖАЗУ