Дубайда «Астана Опера» театры аншлагпен 6 спектакль өткізді

0
97

Аңызға айналған Юрий Григоровичтің хореографиясындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» танымал балеті «Дубай Опера» сахнасында көрермендердің жүрегін жаулады. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бастаған труппа көпшілік ұнататын туындының алты қойылымын төрт күн бойы, яғни 19, 20, 21 және 22 желтоқсанда зор табыспен ұсынып, спектакльдерде қалың көрермен жинады. Өнер көрсетудің барлық күні «Астана Опера» симфониялық оркестрін италиялық маэстро Джузеппе Акуавива басқарды.

Театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары солистер Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Диас Құрманғазы және кордебалет әртістері осынау тамаша ыстық елде әрдайым жеткілікті бола бермейтін нағыз қысқы ғажайыптың атмосферасын жасады.

«Щелкунчик» балеті әлемнің көптеген театрларында қойылған, десек те оның төл нұсқасы және қазақстандық елордалық труппаның жоғары орындаушылық деңгейі «Дубай Опера» басшылығының назарын аудартқанын атап өтуіміз керек.

— Жыл санап «Астана Опера» әлемде ғана емес, осында, Дубайда да танымал әрі сыйлы бола түсуде. Өткен маусым зор жетістікпен есте қалды, сондықтан труппаның жарқын өнер көрсетуінен кейін сіздердің театрыңызды қайта шақыруды ұйғардық. Барлық өнер көрсетуге билеттер қайтадан толығымен сатылып, биылғы табысымыз біз ойлағаннан да асып түсті. Бұл «Астана Операны» алғаш көруді қалаған немесе оны бұрыннан жақсы көретін Дубай жұртшылығының осы ұжыммен кездесуді тағатсыздана күткенін дәлелдейді. Труппаның құрамында театрға айрықша энергия үстейтін жас дарындарды көру көңілге ерекше қуаныш ұялатады. «Астана Опера» – орындаушылық өнер әлеміне қатысы бар барлық жанға шабыт беретін жоғары көркемдік шеберліктің жарқын үлгісі, — деп атап өтті «Дубай Опера» директоры Паоло Петрочелли.

Алты өнер көрсетудің әрқайсысы көрермендердің ду қол шапалақтары мен таңданысына ұласты. Балет труппасы жоғары шеберлік деңгейін паш етіп, қазақстандық әртістердің өнері Дубай тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер қалдырды. Залда отырған қалың көрермен қойылымдардан кейін өз әсерлерімен қуана бөлісті.

— Әртістердің барлығы шынымен де тамаша жұмыс атқарды. Бұл таңғаларлық атмосфералық музыкамен сүйемелденген үздік әрі жігерлі балет болды. «Дубай Операға» алғаш рет келіп отырмын, осыған дейін АҚШ пен Еуропадағы опера театрларында болсам да, мұндай ғажайыпты еш жерде көрмеппін. Бұл бұрын-соңды тамашалаған спектакльдерімнің ішіндегі ең үздігі. «Астана Опера» труппасының өнер көрсетуі маған зор әсер қалдырды. Барлығы 10 билет сатып алып, мұнда отбасыммен және достарыммен келдім, бүгінгі кеш соған тұрарлықтай болды. Әдемі қойылымды тамашалап, керемет уақыт өткіздік. Әсіресе залдағы халықаралық атмосфераға таңғалдым: мұнда әлемнің әр қиырынан көрермендер – америкалықтар, орыстар, арабтар, үндістер, Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай, Жапония тұрғындары жиналыпты. Осы ретте музыканттарды да атап өткім келеді, олар таңғаларлық дәлдікпен және сенімділікпен ойнады, олардың өнер көрсетуі жарқын әрі әсерлі болды. Бұл кеш көпке дейін есімде қалады, — деп әсерімен бөлісті АҚШ азаматы Зейдан Салей.

Дубайға Мексикадан келген Артуро Перес Ривера да оның сөзімен келісті.

– Керемет өнер көрсетуге куә болдым. Осынау спектакльдің ауқымдылығына тәнтімін. Дубайға Мехикодан ұшып келіп, «Щелкунчикті» асыға күткен едім. Опера театрының осынау керемет залында барлық костюм, декорациялар мен әсем бояуларды көре алғаныма қатты қуаныштымын. Бұл жоғары деңгейдегі труппаның өнер көрсетуін көруге тамаша мүмкіндік болды, — деді Артуро Перес Ривера.

«Астана Операның» дәл осы орындауы арқылы балетпен танысқан ұлыбританиялық Пол Уилсонның да жолы болды.

— Мен Англияда өстім, алайда балетте ешқашан болып көрмеппін. Сондықтан осынау спектакльді тамашалау – мен үшін зор бақыт. Сахна декорациясы, көркемдік безендіру ғажайып өнер туындысы болды деп ойлаймын. Әртістердің шымырлығы таңғалдырарлықтай, меніңше, олардың би өнеріне, қабілеттері мен мүмкіндіктеріне тек тамсану керек. Әсіресе ақ киімдегі барлық әртістер мен труппаның жетекші солисі Бақтияр Адамжан қатысатын бірінші актінің соңғы бөлігі маған айрықша әсер етті, — деп қорытындылады Пол Уилсон.

Шынымен, осынау гастрольдік кештерде «Дубай Опера» шағын жер шарын еске салып, онда барлық ел мен ұлт өкілдері жиналғандай көрінді.

– Мәдениет – адамдар мен елдер арасында көпір салуға керемет мүмкіндік. Мен өзімнің барлық мансабымды осы байланыстарды құруға және дамытуға арнадым, — деп атап өтті «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің дирижері Джузеппе Акуавива. – Біз мұнда осымен екінші рет өнер көрсетудеміз, бұл керемет тәжірибе. Былтыр бес спектакль өткізіп, оның бәрінде аншлаг болған еді. Бұл жолы біз алты қойылым ұсынудамыз, олардың барлығында да зал лық толы болды. Көрермендердің жүрегінен орын алған жұмысымызды мақтан етемін. Адамдар бір-біріне біздің өнер көрсетуіміз жайлы әңгімелеуде, ал бұл жаңа көрермендерді театрға, біздің қойылымдарымызға келуге шабыттандырады. «Астана Операның» керемет оркестріне дирижерлік етіп, осындай беделді сахнада өнер көрсеткен кезімде мен әрдайым зор қуаныш пен толқынысты сезінемін, — деп атап өтті маэстро Джузеппе Акуавива.

Фото: astanaopera.kz



ПІКІР ЖАЗУ