Air Astana-ның басы дауға қалды
«Аспанның құдайы болып алған, шаңыраққа қараңыз»деген депутат Питер Фостерге ашуланды деп хабарлайды democracy.kz
Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин үкімет сағатында «Air Astana» АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостерге ашуланды. Компанияның дұрыс жұмыс жасамайтындығын алға тартып мына мәселелерді атап өтті.
«Шынында «Эйр Астана» біздің аспанның құдайы болып алған. Билеттің бәрі жақындағанда көтеріледі, ара қашықтыққа байланысты деген бәрі бос әңгіме ғой. Билет қалай жақындағанда қымбаттайды? Жақындағанда керісінше баға түсуі керек. Өйткені оны тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Мына Эйр Астананы, лоукостерді майшаммен қарау керек.
Фостер мырза, сіз шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. Біз Мұсабаев (әріптесі) екеуіміз ұшақ бір сағат кешіккенге үш пайыз айыппұл салатын норма енгіздік. Енді қызықты қараңыздар, мен 2 тамызда Эйр Астана он екі сағатқа кешіккені үшін әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрмін. Олар қитұрқы схема жасап қойған, ақшаны қайтарып алу мүмкін емес. Алатын болсаңыз да, алған ақшаңызды ешкімге жарияламауыңыз керек деген шарт қояды. Сондай-ақ оны әркім жасай алмайды. Оның соңынан қаламай түбіне дейін жүргендер ғана ала алады.
Министр мырза, тек қана Эйр астана емес, барлық көлік бойынша өтемақы қайтару жүйесін жеңілдетіңіздер. Адам өтініш беріп, ақшасын оңай қайтарып алуы керек», — деді Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ, Эйр Астананың мемлекеттік тілде көрсетуі керек мультимедиасы өз тілімізге қарағанда өзге тілде көп екенін баса айтты.
«Біздің аумақтың үстінде ұшып жүр ғой, біз өз компаниямыз деп есептейміз. Неге мемлекеттік тілге басымдық берілмейді? Ең болмаса елу де елу етіңдер», — дейді депутат.
Сонымен қатар, заңды сыйлап, азаматтардың мүддесін қорғауға ақыл кеңес берді.
«Ақшаны бәріміз де жақсы көретін шығармыз, бірақ сіз пайда көреміз деп билетті көтере бермеңіз. Сіз күнде жалақы көтеріп жатқан жоқсыз, жанармай бағасы күнде өсіп жатқан жоқ, ара қашықтығы ұзара беретіндей еліміздің аумағы резеңке сияқты созыла бермейді. Ал сіздер бағаны көтересіздер, 60 мыңнан 120 мыңға дейін кетіп қалады. Сондықтан министрлік әуе компанияларын дұрыстап қолға алуы керек», -деді Еділ Жаңбыршин.
Эйр Астананың президенті Питер Фостер Мәжіліс депутатының сөзін күліп тыңдап отырғанына ашуланып:
«Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз, сіз осы жерде отырып алып бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы ештеңені түсінбейтін абориген емеспіз. Ойнамаңыз. Бұл — Парламент. Бұл осы жерде отырған халықтың өкілі, халық сайлаған», — деді.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.