«Қаһарман ұлт» жобасы аясында студенттер арасында «Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков» атты челлендж бастау алды
Ұрпағымыздың кеудесінде азаматтық намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі ұрпақ етіп өсіргіміз келсе, бар назарды ұрпақ тәрбиесіне аударуымыз қажет. Себебі тәрбие тал бесіктен екені ықылым заманнан белгілі қағида. Еңкейген жасты ес білер шағында патриоттық сезіммен тәрбиелесек, ұлт болашағының жарқын боларына сеніміміз мол. Ұлттық педагогиканы мұрат тұтқан Ш.Әленұлы «Педагогика кітабында»: «Патриоттық тәрбиені сабақ процесінде де, сабақтан тыс тәрбие саласында да үзбей беру керек» деген еді.Ендеше, «Сабақтан тыс тәрбие процесіндегі патриоттық сезімді қалай оятамыз?» деген заңды сұрақ туындайды.Осы орайда,Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қаһарман ұлт» жобасы аясында студенттер арасында «Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков» атты челлендж бастау алған болатын. Челлендж талабы бойынша қала жастары өздеріне ұнаған Қайрат Рысқұлбековтың өлеңін немесе кез келген патриоттық жыр-шумақтарын оқи отырып, өзгелерге де жолдай алады. Тұлғаның патриоттық құндылықтарын көтеретін рухты өлеңдер өміршеңдігімен тарихта қалған ұлы тұлғалардың шығармаларынан үзінді ретінде алынуда. Студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырған челлендж әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Челлендж Алматы қаржы-эконмикалық колледжінен бастау алып, қала студенттеріне жолданды. «Қаһарман ұлт» жобасының басты мақсаты– жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, елін сүйетін патриот тұлғаны қалыптастыру. Бүгінгі таңда патриотизм қоғамдық, мемлекеттік, мәдени, рухани тақырыптардың өзегіне айналуда. Олай болса, патриотизм идеясы жастарға білім мен тәрбиенің барлық бағытынан көрініс табуы керек. Ендеше, сіз де патриоттық челленджді #АлматықаласыҚоғамдықдамубасқармасы және #Қаһарманұлт хештегтері арқылы өз әлеуметтік желіңізде жариялай аласыз.