Желтоқсан – тәуелсіздік тірегі
Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының Бас қаһарманы – Қайрат Рысқұлбеков небәрі 22 жыл ғұмыр кешті. Есіл ер зұлым күштің құрбаны болды. Бірақ өзі кеткенімен артында мәңгі өлмес ерлік ісі, азаматтық асқақ даңқы қалды.
Әйгілі Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков тірі болса, биылғы 13 наурызда ердің жасы 58-ге толатын еді. Жарты ғасырлық мерейтойы дүркіреп өтпегенімен, есімін ел есінде қалдыру мақсатында біршама шаруаның басы қайырылды. Елбасының жарлығымен 1996 жылы «Қазақстанның Халық қаһарманы» атанды. Бұл атақ еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен, ерлік көрсеткен, халық мойындаған бірегей тұлғаларға ғана берілетінін атай кеткен жөн.
Қайрат батыр ғана емес, ақын да еді. Оның шындық деп шырылдаған дауысы абақтының тас қабырғасын қақыратып, құлағымызға жыр болып жетті. Осы орайда, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Social project management» орталығы қоғамдық қорының ұйымдастырумен мектеп оқушылары арасында Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған шығармашылық байқау «Өркен»мектебінде өткізілді. Жарыстың әділ-қазылар алқасы «Ғасыр тарихы — 1986 желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы — Несіпкүл Шөкей және де радиожүргізуші, журналист — Бақытгүл Исмаил болды.
Дүбірлі додамыз 1-7 сынып арасында өтті. Жас бүлдіршіндер Қайрат Рысқұлбековтың рухты жырларын жатқа айтып, көріністе қойды. Байқаудың бас жүлдесі теледидарды 3-ші сынып оқушысы Серікжанов Санжар иемденсе, 2-ші орынды Сатай Әмірәлі планшет жеңіп алды. Үздік үштікке тұрақтаған 2-ші сынып оқушысы Дүйсенбай Алияр дыбыс бағанасын өз қанжығасына байлады.