Жаңа жыл қарсаңында ІІМ, ТЖМ күшейтілген режимде жұмыс істейді
Вице-премьер Қанат Бозымбаев ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің алдағы мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша дайындығын тексерді, — деп хабарлайды Democracy.kz ақпараттық порталы Massaget.kz -ке сілтеме жасап.
Желтоқсанда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Төтенше жағдайлар министрлігі алғашқы аптаның ішінде елді мекендердегі 2,5 мыңнан аса үйді қамтитын профилактикалық рейд өткізді. Пештер мен электр жүйелері тексеріледі. Сондай-ақ тұрғындарға пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелері түсіндіріледі.
Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
«670 мобилді топ құрылып, пиротехниканы сақтау және тарату орындары бойынша 78 іс-шара өткізілді. Рұқсат етілмеген сауда үшін 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елге пиротехникалық өнімдерді заңсыз әкелу деректерінің жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мереке қарсаңында ІІМ мен ТЖМ қызмет көрсетудің күшейтілген жұмыс режиміне көшеді», — деп жазылған хабарламада.
«Ойын-сауық және адам көп жиналатын орындарды алдын ала тексеру қажет. Өрт сөндіру құралдарынсыз бұқаралық іс-шаралар өткізуге рұқсат бермеу қажет. Адамдарды шұғыл эвакуациялау бойынша қызметкерлерге оқу-жаттығуларын өткізу керек», — деп тапсырды Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер Оқу-ағарту министрлігі мен өңір әкімдіктеріне қысқы демалыс және жаңа жылдық мерекелер кезінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын дұрыс ұйымдастыруды тапсырды.
фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.