Сирияның үкіметтік армиясы көтерілісшілерді тоқтата алар емес.
Өзбек, түрік, түрікмен, туркоман сияқты жергілікті түркітілдес халықтардан және сүнниттерден құралған түрлі топтар (шетелдік ақпарат құралдары ажыратып жатпай, бәрін «исламшылдар» деп атай салды) Хама қаласын басып алды.Бұл туралы democracy.kz ақпапаттық порталы хабарлайды inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Сирияның солтүстігінде орналасқан Хама – халқының саны жөнінен бесінші ірі шаһар. Бұған дейін олар елдегі ең ірі екінші мегаполис – Алеппоны азат еткен еді.
Германиялық Deutsche Welle мәліметінше, Хамаға Түркияның қолдауына сүйенген «Сирия ұлттық армиясы» коалициясы кірді. Енді ел Президенті, шиит өкілі Башар Асадтың сарайы орналасқан Сирияның астанасы Дамаскіге дейін 220 шақырым ғана қалды.
«Коалицияның қазіргі одақтасы «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) бастаған сүнниттік радикалды исламшыл топ бастаған көтерілісшілер альянсы ел президенті Башар Асадтың қарулы күштерін тықсырып, Сирияның солтүстігіндегі шабуылдарын өрістетуде. Олар да стратегиялық маңызды Хама қаласын басып алуға қатысты. Бұл үшін оларға үш күн сұрапыл шайқас жеткілікті болды. Олар Алеппоны алғаннан кейін бірнеше күн ғана өткенде кезекті ірі қаланы қолға түсіріп отыр», – деп мәлім етті Reuters көтерілісшілердің командирі Хасан Абдул Ғанидің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Ғаламторда тараған видеоларда көтерілісшілердің ресейлік снарядтарға, миналарға және басқа оқ-дәріге толы қоймаларды аралап жүргені бейнеленген.
Сириялық әскер және ресейлік нұсқаушылар қашқанда, Алепподан 30 шақырым қашықтықтағы Кувейрис авиабазасында бүтін күйінде бірнеше «Миг-23» ресейлік ұшақтарын қалдырып кетіпті. Сондай-ақ көтерілісшілер ресейлік «Смерч» алысқа ұратын дүркін атыс реактивті жүйелерін, «Панцирь-С1» жаңа зениттік зымыран кешенін, Т-90А және Т-72М танктерін, БТР-ларды, басқа да қаптаған әскери техниканы қолға түсірді.
Көтерілісшілер өздері кірген қалалардан биліктің қуғын-сүргіні барысында ұзақ жыл темірторға қамалған тұтқындарды, бейбіт тұрғындарды босатып жатыр. dpa агенттігінің дерегінше, Хаманың шығысында олар «Орталық түрменің» қапасында азап шеккен жүздеген сотталушыны бостандыққа шығарып, қоя берді.
Reuters жазуынша, Хама шаһары сондай-ақ діни азшылық ұлттар қауымдаса тұратын 2 қаланы бақылау үшін шешуші маңызға ие. Атап айтқанда, Мухрадада көптеген христиан тұрады, Саламияда мұсылман-исмаилиттер шоғырланған.
Халықаралық ақпарат құралдары Хаманың көшелерінде көтерілісшілердің әскери көліктермен және мопедтермен жүргенін көрсетіп жатқанда, ресми Дамасктің пропагандасы оның бәрін жоққа шығаруға тырысты. Хаманың «құлағаны» туралы хабарларды фейкке жатқызды, қаланың бірде бір ауданында жаудың жоқтығына сендірді. Ресми мәлімдемеде әскерилердің қала алдындағы «алынбас қамалдай қорғаныс желілерінде тұрғаны» айтылған.
Алайда көп ұзамай, Сирияның Қорғаныс министрлігі Хамадан айрылып қалғанын растады. Министрлік үкіметтік әскердің бөлімшелері қатты шығынға ұшырағанын, сондықтан «бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау және қала ішіндегі шайқасқа жол бермеу үшін» олар елді мекеннен тыс аумақтарға қайта орналастырылғанын мәлімдеді.
Көтерілісшілер қол жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалмай, елдің оңтүстігіне қарай жылжуды жоспарлады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, егер Сириядағы азшылық ұлт – әлеуіттердің (алавит) өкілі, елді сонау 1971 жылдан үздіксіз билеп келе жатқан Асадтардың (Хафез және Башар) кланы тақтан тайдырылса, онда Сирияда не түркі, не араб өкілі билік басына келуі мүмкін.
Inbusiness.kz бұған дейін «Башар Асад жүйесі күйресе, Сирия түркітілдес мемлекетке айнала ма?» деген сауалға жауап іздеген болатын. Reuters сарапшыларының байламынша, үкіметтік әскердің берік бекінісі саналған Хаманың «құлауы» Дамаскіде шок тудырды.
Ал, осы жеңісіне рухтанған көтерілісшілер енді Дамаскімен екі ортада тұрған ірі Хомс қаласына жылжуға дайындалып жатқандарын мәлімдеді. DW жазуынша, Хомс Хамадан небары 40 шақырым жерде тұр. Егер қуатты тойтарыс көрмесе, көтерілісшілер бір күнде жетіп баруы мүмкін.
Салыстырғанда, мысалы, Хама соның алдында босатылған Алеппо мегаполисінен 140 шақырым қашықтықта жатыр. Хамадан Дамаскіге дейін шамамен 220 шақырым. Хомстан Дамаскіге дейін 163 шақырымнан сәл асады.
«Түрікшіл, исламшыл көтерілісшілер Хомсты алса, онда олар Дамаскінің Асадтың әлеуіттік сектасының тірегі болып табылатын жағалаулық өңірге апаратын жолын кесіп тастайды. Оның үстіне дәл сол жағалауда режимнің ресейлік одақтасының әскери-теңіз базасы мен авиабазасы орналасқан. Ресей ол жақтан, Тартустағы базасынан әскери кемелерін дереу алып кетті. Асадқа шегінерге жол қалмады, ол тағы бір өңірлерді беріп қоя алмайды. Сондықтан Хомс үшін қиянкескі, басты шайқастар басталады. Егер Хомс құласа, онда Сирияда биліктің ауысатыны туралы айта бастаймыз», – деді Syria Report басылымының редакторы Джихад Язиги.
Айта кету керек, түрікшіл күштердің шабуылы өткен сәрсенбіде, 27 қарашада басталған болатын. Көтерілісшілердің қарқыны ғаламат. Содан болса керек, Би-Би-Си жазуынша, олар бір қаланы жаңа ғана шабуылдап жатса, оның айналасындағы қалалардан Ресей өз күштерін жедел әкете бастайды. Сонымен бір мезгілде ресейлік авиация шабуылдаушыларға әуеден тоқтаусыз соққы беріп, оларды ең құрыса кідіртуге тырысуда.
Германиялық жетекші DW басылымы Башар Асад халықаралық деңгейде әскери қылмыстары, соның ішінде бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қаруды қолданғаны, азаптауларды жолға қойғаны үшін айыпталғанын еске салады.
CNN үкіметтік әскерлерді қуып шыққаннан кейін түрікшіл, исламшыл күштер Алеппоны тонауға, мародерлыққа жол бермей, тәртіп орнатқанын, енді қала билігін азаматтық басшылыққа табыстап жатқанын хабарлады. Телеарналар сюжетінде қаланың бейбіт тіршілігіне оралып жатқаны, көтеріліс жауынгерлерінің нан-тоқаш өнімдерін сатып алу үшін өзгелер қатарлы дүңгіршек алдындағы кезекте тұрғаны көрсетілді.
Al Jazeera телеарнасы Хама қаласының жұртшылығы да көтерілісшілерді қалаға кіреберісте, жол айрығында күтіп алғаны бейнеленген кадрларды жариялады.
Мәскеу Сирия режимінің құлауына моральдық тұрғыдан дайындалуда. Ресейлік федералдық ақпарат құралдары нарративтерін өзгертті. Олар Башар Асадтың өзін кінәлап, оның халқына тізесі батқанын, елді жемқорлық жайлағанын жиі ауызға ала бастады. РФ үшін басты басымдық – Украинада жеңіске жету екеніне екпін түсіруде. Басқаша айтқанда, бұл – Ресейдің емес, жеке Асадтың жеңілісі ретінде көрсетуге күш салады.
Би-Би-Си Сирияда кең ауқымды азаматтық соғыстың қайта тұтануы Таяу Шығыс өңіріндегі ахуалды одан сайын тұрақсыздандыра түсуі мүмкін екенін ескертеді. Егер Асад таскенедей жабыспай, билікті табыс етсе, немесе Ауғанстан сценарийі жүзеге асса, қырғын соғыс тоқтауы да мүмкін.
ВВС, Reuters жазуынша, көтерілісшілердің жетекші күші «Хайят Тахрир аш-Шамның» лидері Әбу Мұхаммад әл-Голани Сирияны діни мемлекетке айналдырмауға, мәдени құндылықтарды құрметтеуге, діни азшылықтарды қорғауға уәде беріп, азшылық ұлттарды Асад режимінен теріс айналуға шақырды. Голани өткен сәрсенбіде Алеппоның тарихи қамалын аралап көрді, бұл көтерілісшілер үшін символдық маңызға ие болды.
Алеппо тұрғындары қаланың тыныш екенін, бірақ азық-түлік пен отын тапшылығы туындағанын айтады. Үкімет онда интернет пен байланысты өшіріп, жойып кетіпті.
Ресейлік журналист Илья Барабанов 2017 жылдан бері Владимир Путиннің «Сириядағы соғыс жеңіспен аяқталғанын» кем дегенде үш рет мәлімдегенін, парад өткізгенін еске салды. Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, Кремль бұл жолы да Асад билігіне «қажетті көлемде толыққанды көмек көрсетеді».
Би-Би-Си Сириядағы ресейлік әскери топтың (группировка) 7,5 мың әскериден тұратынын анықтады. Көтерілісшілердің жеңісінен кейін Мәскеу оның қолбасшысы генерал-лейтенант Сергей Кисельді орнынан алып тастады. Оның орнына Украина Бучадағы қырғынды ұйымдастырғаны үшін айыптаған ресейлік генерал-полковник Александр Чайко жіберілді.
Оқиғалардың ары қарай қалай өрбитіні белгісіз. АҚШ Мемдепартаментінің өкілі Мэттью Миллер Дамаск билігіне исламшыл оппозицияның келгенін қаламайтынын, сондықтан «Америка өз контактілері арқылы барлық тарапқа шығып, олардан өз ықпалын эскалацияны тоқтатуға жұмылдыруды сұрағанын» мәлімдеді.
Америка да, Еуроодақ та Сирия билігіне қандай күштердің келетінін білмейтіндерін жариялады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің айтуынша, дәл қазір маңыздысы – деэскалацияға қол жеткізу, бүкіл Сирия аумағында бейбіт тұрғындардың қорғалуын қамтамасыз ету және азаматтық соғысты тоқтату үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары негізінде саяси диалог процесін бастау идеясын ілгерілету болады.
фото көрнекілік үшін интернеттен алынды