Мұғалімін ерекше құрметтейтін елдер
Мұғалім – қоғамның болашағын қалыптастыратын негізгі тұлғалардың бірі. Олардың қоғамдағы беделі әр елде әртүрлі деңгейде бағаланады және бұл көрсеткіш мәдени, экономикалық және тарихи факторларға байланысты өзгереді. Бұл мақалада біз әлем елдеріндегі мұғалімдердің мәртебесі мен олардың қоғамдағы орны туралы қызықты деректерді сіздерге ұсынамыз.
Мұғалімдік – әлемдегі ең көп таралған мамандықтардың бірі Дүниежүзі бойынша шамамен 80 миллионнан астам мұғалім жұмыс істейді.Ал, дамуы қарқынды Финляндия мемлекетіндегі мұғалімдік қызмет– элиталық мамандық.
Мұғалім болу өте қиын елдер
Бұл елде мұғалім болу үшін магистр дәрежесін алу міндетті және педагогикалық факультеттерге түсу өте қиын: талапкерлердің тек 10%-ы ғана қабылданады.
Мұғалімдер заңгерлер мен дәрігерлермен тең дәрежеде құрметке ие. Олардың жоғары мәртебесі фин білім беру жүйесінің әлемдегі ең үздік жүйелердің бірі болуына себепкер.
«Сенсей» ұғымымен таныс Жапония елінде бұл сөздің өзі үлкен құрметті білдіреді. Мұғалімдер елдегі ең құрметті мамандықтардың бірі болып саналады. Олар тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар балалардың тәртібі мен моральдық құндылықтарын қалыптастырушы ретінде де маңызды рөл атқарады.
Ал, оңтүстік Корея, білімге басымдық берілетін қоғам. Білім олардың – басты құндылықтарының бірі. Мұғалімдер бұл қоғамда ерекше мәртебеге ие және зейнетке шыққаннан кейін де мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болады. Бұл елде мұғалімдер 15 мамыр күні аталып өтіледі. Сондай- ақ елдегі ең маңызды мерекелердің бірі.
Мұғалімдерге ерекше қолдау көрсететін Сингапурдың білім беру жүйесі жоғары сапасымен танымал, және мұғалімдер оның негізгі тірегі болып табылады.
Мұғалімдерді даярлау қатаң іріктеуден өтеді, ал олардың еңбегі жоғары жалақымен және үздіксіз кәсіби даму мүмкіндіктерімен бағаланады. Сингапур қоғамы мұғалімдерді елдің болашағын қалыптастырушы тұлға ретінде қарайды.
Ұстазға құрмет – дәстүрдің негізі ретінде, Қытайда мұғалімдер дәстүрлі тұрғыда қоғамның ең құрметті мүшелерінің бірі саналады. Ұстаздар күні олар үшін ұлттық мереке болып табылады, бұл олардың абыройын ерекше көрсетеді. Қытайда мұғалімдер тек білім беруші емес, адамгершілік пен тәрбие үлгісі ретінде де қарастырылады.
Ал, Ресейде мұғалімдік мамандық кеңестік дәуірден бері құрметке ие. Дегенмен, қазіргі уақытта мұғалімдердің жалақысы мен жұмыс шарттары туралы мәселелер жиі көтеріледі.
Мұғалімдіктің бастауы — философия
Сондай- ақ, мұғалімдік – адамзат өркениетінің ең көне әрі ең маңызды мамандықтарының бірі. Әр елдің білім беру жүйесі мен мұғалімдерге деген көзқарасы әртүрлі болғандықтан, бұл салада көптеген қызықты деректер кездеседі.
Солардың бірі, ең көне мұғалім – философтар. Мұғалімдік қызметтің тамыры ежелгі философиядан бастау алады. Ежелгі Грекиядағы Сократ, Платон және Аристотель секілді ұлы ойшылдар шәкірттерге білім мен даналық үйретіп, мұғалімдік қызметтің негізін қалады.
Қай елдің мұғалімі көп жалақы алады?
Ең көп жалақы алатын мұғалімдер Люксембург мұғалімдері әлемдегі ең жоғары жалақы алатын ұстаздар қатарында. Олар жылына шамамен $70 000-$100 000 табыс табады.
Ал Үндістан, Африка елдерінің кейбір аймақтарында мұғалімдердің орташа жалақысы жылына $1,000-нан төмен болуы мүмкін.
Әлемдегі ең жас мұғалім Үндістандық Агиаш Маханна есімді бала 6 жасында ресми түрде мұғалім болып танылған. Ол математика мен компьютерлік ғылымдарды өз қатарластарына үйреткен.
Әлемдегі ең ұзақ сабақ 2009 жылы Үндістанда профессор Арвинд Мишра үздіксіз 123 сағат 30 минут бойы дәріс оқып, әлемдік рекорд орнатқан.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің басым бөлігі әйелдер: әлем бойынша бұл көрсеткіш 80%-ға жетеді.
Сыныптағы оқушылар саны ең көп Жапония мен Оңтүстік Кореяда, бір сыныпта 40-қа жуық оқушы болуы мүмкін. Финляндияда бұл көрсеткіш әлдеқайда аз – орта есеппен 20 оқушы.
Ерекше сабақ өткізетін елдер
Англия: Бір мұғалім оқушыларға Харри Поттер стилінде сабақ беріп, білімге деген қызығушылықты арттырған.
Канада: Мұғалімдер ашық ауада сабақ өткізіп, оқушылардың табиғатпен жақын байланыс орнатуына ықпал етеді.
Ұстаздардың жұмыс сағаттары. АҚШ мұғалімдері орта есеппен жылына 1000 сағаттан астам жұмыс істейді. Финляндия мұғалімдері бар болғаны 600 сағат сабақ береді, бірақ олардың дайындығына көбірек уақыт жұмсалады.
Мұғалімдердің жұмыс ұзақтығы, кейбір елдерде мұғалімдер 60 жасқа дейін жұмыс істесе, Жапония мен Оңтүстік Кореяда мұғалімдердің зейнетке шығу жасы 70-ке дейін созылады.
Мұғалімдердің шығармашылыққа бейімділігі олардың сабақтарының тиімділігін арттырады. Мысалы, АҚШ-та мұғалімдер сабақ барысында геймификация әдістерін жиі қолданады.
Сөз соңында, әлемнің әр түкпірінде мұғалімдерге деген құрметтің деңгейі әртүрлі болғанымен, олардың қоғамдағы рөлі ерекше маңызды.Мұғалімдерге қоғам тарапынан құрмет көрсету – елдің білім беру жүйесінің және жалпы қоғамның дамуының кепілі.
Автор: Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ.
Дереккөз: Democracy.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.