Neo Nomad Visa-сы қандай мүмкіндіктерге жол ашты?
Жаңа В12-1 визасын алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне жүгіну қажет.
Neo Nomad Visa әлемнің әртүрлі елінен келген саяхатшыларға көптеген мүмкіндік береді. Бұл виза шетелдік туристерге Қазақстанда бір жылға дейін тұруға және өздерінің шетелдегі компанияларында қашықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда саяхаттап жүріп, жұмысын жалғастырғысы келетін шетелдіктер Neo Nomad Visa-ға өтініш бере алады. Ол үшін жақын маңда орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне бірнеше құжатты ұсыну қажет:
Кейінгі 6 айдағы банк шотынан үзінді көшірме, ай сайынғы табысы 3 000 АҚШ долларынан жоғары екенін растайтын құжат
Азаматтығы бар елдің уәкілетті органы берген салық декларациясы
Азаматтығы немесе тұрақты мекенжайы бар елдің органы берген сотталмағаны туралы анықтама
Визаның қолданылу мерзіміне дейін жарамды медициналық сақтандыру
Қазақстандағы туристік компаниялардан шақыру (48 елдің азаматы үшін талап етілмейді)
Neo Nomad Visa-ны рәсімдеу 5 жұмыс күнінен аспайды. Виза бір жылға дейінгі мерзімге беріледі және оны ұзарту қарастырылған. Негізгі өтініш берушінің отбасы мүшелері де виза ала алады.
Neo Nomad Visa арқылы Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылмағанын атап өткен жөн. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 216-бабына сәйкес Neo Nomad Visa иесінің Қазақстанда салық төлеу бойынша міндеттемелері жоқ, өйткені оның табыс көзі елден тыс жерде орналасқан.
фото көрнекілік үшін интернеттен алынған