Жалған дипломмен мұғалімдік қызмет, білім сапасына қатер

0
24

Қазіргі қоғамда білім – ең маңызды құндылықтардың бірі. Ұрпақ тәрбиесі мен оқытуда сапалы білім беру ұстаздардың біліктілігіне тікелей байланысты. Алайда соңғы жылдары жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің мәселесі жиі талқылануда. Бұл құбылыс тек білім беру сапасын төмендетіп қана қоймай, қоғамның болашағына қауіп төндіреді.

Қазақстанның білім беру жүйесінде жалған дипломмен жұмыс істеу мәселесі алаңдатарлық деңгейге жетті. 2023 және 2024 жылдары жүргізілген тексерулер барысында мұндай жағдайлардың күрт өскені байқалды. Бұл құбылыс білім сапасына, оқушылардың болашағына және қоғамдағы әділеттілікке қауіп төндіруде.

2023 жылы Маңғыстау облысында 7 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Олар бірден жұмыстан шығарылып, материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Жалпы, ел көлемінде жалған диплом фактілері 30-дан астам жағдайды құрады. Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде кадр тапшылығына байланысты өршіп отырғаны анықталды.

2024 жылы жалған дипломмен жұмыс істеген мұғалімдердің саны айтарлықтай артты. Атырау облысында тексеріс барысында 81 мұғалімнің құжаты жалған екені белгілі болды. Маңғыстау облысында да қосымша 9 жағдай тіркелді. Барлығы ел бойынша 30-ға жуық жалған дипломмен жұмыс істеген педагогтар анықталып, тиісті шаралар қолданылды.

Сонымен қатар Түркістан облысында  ерекше жағдай тіркелді: 500-ге жуық мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істеп келгені белгілі болды. Бұл көрсеткіш мәселенің қаншалықты ауқымды екенін айқын көрсетіп отыр. Бұл мұғалімдер бірнеше жыл бойы білім беру жүйесінде еңбек етіп, тексеріс кезінде анықталған

 

Жалған дипломмен жұмыс істеудің бірнеше себебі бар:

1.Жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігі. Кейбір шалғай елді мекендерде мұғалімдерге деген сұраныс жоғары, алайда кәсіби ұстаздардың тапшылығы байқалады. Осы жағдайды кейбір адамдар өз мүддесіне пайдаланып, жалған құжатпен жұмысқа тұрады.

2.Бақылау мен тексерудің әлсіздігі. Кей жағдайларда жұмысқа қабылдау кезінде құжаттардың шынайылығын тексеру жүйесі жеткіліксіз болып жатады.

3.Жауапкершіліктің болмауы. Жалған диплом иелері өздерінің әрекеттерінің салдарын түсінбеуі мүмкін немесе жауапкершіліктен жалтарып кетемін деп сенеді.

Мұндай құбылыстың салдары қандай?

1.Білім сапасының төмендеуі. Жасанды дипломмен жұмыс істеп жүрген адамның біліктілігі сәйкес келмесе, ол оқушыларға сапалы білім бере алмайды. Бұл балалардың оқу үлгеріміне, болашақ мүмкіндіктеріне кері әсерін тигізеді.

2.Мектеп беделінің түсуі. Мұндай жағдайлар анықталған кезде оқу орындарының беделі мен ата-аналардың сенімі төмендейді.

3.Қоғамдық наразылық. Жалған дипломмен жұмыс істейтіндер шынайы білім алған мамандардың еңбегін бағаламау болып табылады. Бұл қоғамдағы әділетсіздік сезімін арттырады.

Мәселені жою үшін жүйелі шаралар қажет:

1.Құжаттарды тексеру процесін күшейту. Жұмысқа қабылдау кезінде дипломдардың түпнұсқалығын тексеретін арнайы жүйелер енгізу қажет.

2.Жаза мен жауапкершілікті арттыру. Жалған дипломмен жұмыс істегендерге заңды түрде қатаң жаза қолданылуы тиіс. Бұл басқаларға сабақ болар еді.

3.Мұғалімдерді даярлау мен қолдауды күшейту. Білім беру саласында кәсіби мамандардың санын арттыру үшін арнайы бағдарламалар әзірленіп, мұғалімдердің жағдайын жақсартуға көңіл бөлінуі керек.

Жалған дипломмен жұмыс істеу – тек бір саланың мәселесі емес, ол бүкіл қоғамға әсер ететін күрделі проблема. Әрбір мұғалімнің кәсіби біліктілігіне сенімді болу – ұрпақ тәрбиесінің және мемлекеттің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін қоғам болып жұмылып, нақты шаралар қабылдауымыз қажет.

 

Мақаланы дайындаған: Айжүрек Өмірбай


ПІКІР ЖАЗУ