Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары сахналық тәжірибесін бастады

0
32

Astana Opera Халықаралық опера академиясының үшінші оқу маусымының тыңдаушылары білім мен тәжірибе жинақтауға қызу кірісті. 22 қарашада елордалық театрдың К.Байсейітова атындағы Камералық залында академия солистерінің қатысуымен «Вокалдық музыка жауһарлары» концерті өтеді. Бұл олардың жаңа оқу жылындағы бірлескен алғашқы өнер көрсетуі.

– Қызметінің үш жылы ішінде Astana Opera Халықаралық опера академиясының өз дәстүрлері қалыптасты. Жоспарға сәйкес, біздің академистер жылына 5-6 концерт беріп, 3 операда өнер көрсетуі тиіс. Үш спектакльдің екеуі «Астана Опера» театрының Үлкен залында, біреуі К.Байсейітова атындағы Камералық залында өтеді. Алдағы концерт академияның жаңа оқу жылындағы алғашқы концерті болғандықтан, біз академиялық музыка жауһарларын таңдадық, себебі бұл өнер көрсетудің мақсаты көрермендерді жаңа солистермен таныстыру, – деді Astana Opera Халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни.

Айта кетейік, өткен айда академия өзінің үшінші оқу маусымын бастаған еді. Жоғары білікті қазылар алқасы 69 үміткердің арасынан Қазақстан, Ресей және Моңғолиядан 10 солисті таңдады.

Сондай-ақ академияға бас пен екі меццо-сопраноның қабылдануын биылғы құрамның ерекшелігі ретінде атап өтуіміз қажет, себебі өткен оқу жылында мұндай дауыстар болмаған.

Қазір академистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, опера сахнасының жұлдыздары Жұпар Ғабдуллина мен Азамат Жылтыркөзовтің вокал сабақтарына қатысуда. Қараша және желтоқсанда оларды италиялық сопрано Доната Д’Аннунцио Ломбардимен (Donata D’Annunzio Lombardi) және ресейлік әйгілі ұстаз, профессор Дмитрий Вдовинмен бірге шеберлік сағаттары күтеді.

Осыған дейін академия керемет солистерді оқытып шығарғанын, олар оқу кезінде бірнеше рет беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары атанғанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, ол «Астана Опера» солистерінің, оның ішінде Азат Мәлік, Дінмұхамед Көшкінбаев, Гүлдана Алдадосова және тағы басқалары шыңдалған ұстаханаға айналды.

Қарашаның кешінде сахнаға дарынды академистер Айгерім Темірбекова, Біләл Қуаныш, Асылзат Нұғыманова, Диас Орысбай, Абылай Бекен, Дильназ Омарханова, Сара Садығұлова, Мунхтувшин Хоролгарав (Моңғолия), Василиса Савкина және Рузиля Тюменцева (Ресей) шығады. Олардың орындауында А.Құнанбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқас», Н.Тілендиевтің «Жан сәулем» әндері шырқалады. Сондай-ақ көрермендердің назарына В.А.Моцарт, Дж.Россини, Г.Доницетти, Дж.Бизе, Ш.Гуно, Ж.Массне, Ф.Чилеа, Ф.Мендельсон, А.Рубинштейн, М.Глинка, С.Рахманинов сынды танымал композиторлардың камералық вокалдық шығармалары, романстары мен әлемдік опералардан ариялар ұсынылады.

Концерттің басталуы 19.00-де.


ПІКІР ЖАЗУ