Боччадан Қазақстан Кубогы өтті
3-6 қараша аралығында Астана қаласындағы боччадан Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. Жарысқа 14 өңірден тірек-қимыл аппараты зақымданған 85 спортшы қатысады деп хабарлады, боччадан Қазақстан федерациясының баспасөз қызметі.
«Бұл жарыс 3 жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Әр жыл сайын спортшыларымыздың саны артып келеді. Бұл спорт түрі 4 жыл сайын өтетін паралимпиадалық олимпиада ойындарының ішінде бар. Дегенмен Қазақстан құрамасы боччадан олимпиада деңгейінде өз бағын сынап көрмеді. Өйткені бочча Қазақстанда 2021 жылдан бастап ресми жұмыс жасап бастады. Қазіргі таңда бочча ауқымды түрде дамып жатқан спорт түрі десек болады. Тіпті оны мектептегі ерекше қажеттілігі бар балалар үшін арнайы үйірме ретінде ашып жатырмыз», – деді баспасөз хатшысы Нұргүл Төлендіқызы.
Бочча – паралимпиадалық спорт түрі. Ол ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған ойынның бірі. Сондай-ақ соңғы жылдары бұл спорт түрі біздің елімізде де танымалдығы артып келеді.
Жарыс жайында бас бапкер Диана Айдосқызы былай дейді:
«Бұл спорт түрімен жандары, рухтары мықты адамдар айналысады. Физикалық мүмкіндіктерінің айырмашылығына байланысты спортшылар BC-1, BC-2, BC-3, BC-4 деп бөлінеді. Бочча негізінен спортшыларға үлкен мүмкіндіктер беріп жатыр. Осы жарысқа 85 спортшымыз іріктеліп алынды, дегенмен қазіргі таңда елімізде 200 ден астам спортшымыз бар. Олардың ішінде ең жас спортшымыз 11 жаста болса, ең үлкені 68,69 жаста».
Боччадан спортшымыз Арайлым Бауыржанқызы:
«Бұл спорт түрімен айналасып жатқаныма 1 жыл болды. Бочча маған өзімді дене мүмкіндігі шектеулі адам ретінде көрмеуім үшін бір стимул болды. Спортшылардың қасында бірдей деңгейде тұруым, олар секілді арнайы ұлттық спорттық форманы кие алуым маған қатты мотивация берді. Өмір сүруге шабыттандырды. Сондықтан бочча ойыны жаңданса екен, дамыса екен деп тілеймін. Сонда ғана мен секілді жандар бұл спорт түрінен жарыстарға қатысып, өз бағын сынап көрсе өте керемет мүмкіндік болар еді деп санаймын. Соған байланысты Қазақстанада боччаға арнайы үйірме ашылып, жаттықтырушылардың санын арттыру керек деп ойлаймын. Сондай-ақ қазіргі уақытта спортшылардың санының артуына байланысты доп шетіспеушілігі бар екенін атап өткім келеді. Егер доптарымыздың саны көп болса нұр үстіне нұр болар еді», – дейді спортшымыз.
Назым МАЛИККЫЗЫ