Езу тартқызар классика

0
19

Біртуар қазақстандық композитор Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орайластырылған «Айсұлу» комедиялық операсының көптен күткен премьерасы 2930 қарашада «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында өтеді.

Қойылым қазақ опера өнерінің үздік дәстүрлеріне сай таныстырылады. Қоюшы дирижер Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин жаңа музыкалық редакциямен жұмыс істеуде.

– Дайындық барысында біз бірқатар ескі қойылымдардың партитураларына талдау жасап, музыкалық материалды қайта қарадық және 60-70 жылдардың тарихи мәнмәтіні мен мәнерін дәл бейнелейтін опера жасадық. Бұл жеңіл комедиялық опера, ол өзінің құрылымы бойынша бұрын опереттаны еске салатын, алайда біз енді оны анағұрлым күрделі жанр туындысына айналдыруға тырысудамыз. Дей тұрғанмен, атқарылған жұмыс ауқымы көрермендерге байқалмауы үшін қабылдау жеңілдігін сақтауда ерекше қиындық туындайды, – деді қоюшы дирижер. – Спектакльге көбінесе жас әртістер қатыстырылады, олар кеңестік дәуірді көрмегендіктен, бұл әртістер үшін нағыз сын болмақ. Оларға сол кезеңнің атмосферасына бойлауға тура келеді, ал біздің міндетіміз – түсіндіру, еске салу, бүге-шегесіне дейін айтып беру. Театрмен бұрыннан ынтымақтастықтағы кәсіби мамандардың ұйымшыл тобы менімен бірге операмен жұмыс істеуде. Көркемдік рәсімдеумен дарынды сценографтар Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов айналысуда. Дегенмен мұнда режиссер мен дирижердің өзара әрекеті негізгі рөл атқарады, себебі барлық қойылымның үйлесімділігі осы бірлескен жұмысқа байланысты, — деп түсіндірді Абзал Мұхитдин.

Сонымен, қоюшы режиссер ретінде Еренбақ Тойкенов еңбектенуде, ол туындының комедиялық сипатын жанды әрі жігерлі режиссерлік олжалар арқылы жеткізуге тырысуда.

— Хикая Серкенің Алматы вокзалына келуінен басталады. Колхоздан шыққан жас жігіт қалада екінші рет өзінің бағын сынап көруге, яғни таныстары арқылы университетке түсуге тырысады. Сахнада шынайы пойыз пайда болады, одан Серке шығып, үлкен қаланың атмосферасына бойлайды. Вокзалда жолаушылардың көбі газеттен жас комсомол қыз Айсұлу жайлы мақаланы оқып отырады. Газеттің бірінші бетіне басылған бойжеткеннің суреті мен жігерлендіретін хикаясы қала тұрғындарын баурап алады. Газет сатушысымен кездесу Серкені Хасеннің диссертация қорғауын тойлауға арналған салтанатты қонақасына алып келеді. Серке ол жерде Хасенмен және оның досы – қалалық студент Әубәкірмен танысады. Музыка мен шампан Серкенің басын айналдырып, ол жаңа таныстарына туған колхозындағы сұлу бойжеткен Айсұлу жайлы ықыласпен әңгімелеп береді. Осы естігендерінен әсер алған Хасен мен Әубәкір түнде Айсұлудың соңынан колхозға баруды ұйғарады. Екінші актіде іс-әрекет ауылда өрбиді, онда аңқау қалалық жігіттер Айсұлудың әпкелері – Нұрсұлу мен Жансұлу және колхоз төрағасы ұйымдастырған көңілді ойынның құрбандарына айналады. Ғашық, алайда шытырман оқиғадан бастары айналған олар әйтеуір шынайы Айсұлуды кездестіреді. Орын алған жанжал да көп ұзамай шешіледі: ақыр аяғында үш жұп та бірін-бірі тауып, үйлену тойларын қуанышпен өткізеді, — деді режиссер Еренбақ Тойкенов.

— Комедия қою – оңай шаруа емес, ол оқиғалармен мұқият жұмыс істеуді және сахналық жағдайларды зейін қоя отырып құруды талап етеді. «Айсұлу» комедиялық операсының ерекше күрделілігі мынада, яғни драматургияға бай классикалық операларға қарағанда маған мұнда әрбір көріністі өзіме толтыруға, ұсақ-түйек нюанстарды іздеп, жинауға тура келуде. Өйткені олар іс-әрекетті өрбіту және кейіпкерлердің мінездерін атап көрсету үшін қажет атомдар тәрізді. Осылайша әртістерге физикалық қана емес, психологиялық жүктемелер де туындайды. Ол солист немесе хор әртісі болсын, әрбір орындаушыдан жай қатысу емес, рөлге тереңнен ену талап етіледі, — деп қорытындылады Еренбақ Тойкенов.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов операның басты тақырыбына айналған қазақ жастарының өмірін бейнелейтін бірегей сахна кеңістігін жасауда. Осынау көрнекі қатар жарық бойынша суретші Сергей Шевченконың жарқын жұмысымен және Павел Суворовтың бейнепроекцияларымен толығады.

Басты партиялармен опера труппасының әртістері жұмыс істеуде, хор сахналарын бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен хор әртістері үйренуде. Ал бұл уақытта көпшілік сахнаның қоюшы хореографы Бостан Қожабеков әртістермен бірге операда тұнып тұрған жастық жігер мен күшті іс-әрекетке қосуға тырысуда.

Спектакльдердің басталуы 19:00-де және 18:00-де.


ПІКІР ЖАЗУ