Түрлі елдердің танымал пианистері елордада өнер көрсетеді
Қарашада «Астана Опера» театры К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасы Жапония, Италия мен Қазақстаннан жарқын пианистер жиналатын орынға айналады. Бұл айда жапон орындаушысы Юки Мурата, италиялық музыкант Маурицио Биньоне, сондай-ақ қазақстандық әртістер Тимур Урманчеев, Гүлжан Өзенбаева, Гүлмира Исимбаева мен Раушан Бескембирова тыңдармандарды сан алуан концерттік бағдарламаларымен қуантады.
— «Астана Опера» шығармашылық әрекеттестік шекарасын кеңейту бағытында үлкен жұмыс атқарып келеді, сондай-ақ түрлі ұлттық музыкалық мектеп өкілдері арасында тәжірибе әрі идея алмасу үшін барлық жағдайларды жасауда. Басқа музыканттармен қарым-қатынас орнату және бірлесе жұмыс істеу бірегей ортақ жобаларды жасауға шабыттандыратынына, әртістердің өз орындауларына жаңа леп қосатынына сенімдімін, — деп пікірімен бөлісті театрдың музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова. – Сонымен қатар театр біздің қымбатты көрермендерімізге үздік отандық әртістерді тыңдауға, Қазақстаннан шықпай-ақ жарқын шетелдік орындаушылармен де танысуға керемет мүмкіндік береді. Ой-өрісін кеңейтіп, жапон және италиялық пианино мектебімен танысқысы, сондай-ақ өзіміздің қазақстандық музыканттарды жақынырақ білгісі келетіндердің барлығына осы қарашада тамаша концерттерге келуге кеңес беремін. Олар сіздерге керемет көңіл күй мен бұрын-соңды болмаған эмоциялар легін тарту етеді.
Елорда тұрғындары мен қонақтары 7 қарашада өтетін «Bel Canto музыкалық салоны» топтамасынан «Тәңірім әрі шабытым…» концертінде Раушан Бескембированың шығармашылығымен рақаттана алады. Мазмұнды бағдарлама вокалистер Татьяна Вицинская, Әсем Сембина, Артур Ғабдиев, Ермек Қасым, Батыржан Смақов, флейташы Балжан Сапарова және жас виолончельші Сұлтан Бескембировпен бірге әзірленді.
10 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев «FORTE TRIO» ҚР мемлекеттік триосының құрамындағы әріптестерімен бірге «Феликс Мендельсон» концертін музыкадағы романтизм бағытының ірі өкілдерінің бірі, ұлы композитор, пианист әрі дирижердің 215 жылдығына арнайды.
19 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – композитор әрі пианист Гүлжан Өзенбаева мен «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов көпшіліктің назарына «Музыкалық альянс» топтамасынан скрипка музыкасының кешін ұсынады.
Италиялық пианист, композитор әрі жазушы Маурицио Биньоне 23 қарашада өз туындыларынан құрылған Inner reflections («Ішкі бейнелер») концертімен өнер көрсетеді.
30 қарашада тыңдармандарды жапон композиторы әрі пианист Юки Мурата мен оның қазақстандық әріптесі Гүлмира Исимбаеваның концерті күтеді.
Аталған музыканттардың өнер көрсетулерінен бөлек, қарашада К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында басқа да ұжымдар мен әртістердің концерттері өтетінін айта кетуіміз керек. Сонымен, 16 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, виолончельші Ернар Мыңтаевтың жетекшілігімен Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті «Квартетпен бірге күзгі кеш» концертін ұсынады. 24 қарашада біртуар қазақстандық хор дирижері әрі ұстаз Анатолий Молодовтың 95 жылдығына Е.Рахмадиев атындағы филармонияның Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова жетекшілігіндегі камералық хорының «Нәр алған ән бұлақтан…» концерті арналады. 27 қарашада театр аспапшылары Әнел Шәкірова, Айя Ғаббасова (скрипкалар), Ахмет Сұлтанов (альт), Курванжан Ахатов (виолончель) «Бароккодан бастап бүгінге дейін» камералық музыка кешімен өнер көрсетеді.