Симфониялық эксклюзивтер

0
35

27 қазанда «Астана Операның» Үлкен залында өткен ғасырдың жауһарлары шырқалады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжахановтың жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі ХХ ғасыр композиторлары – Игорь Стравинский, Клод Дебюсси және Леонард Бернстайнның туындыларынан құрылған бағдарламаны ұсынады.

— Менің ойымша, бұл концерт ХХ ғасырдағы ұлы музыкалық туындыларға жақындауға  мүмкіндік береді. Бұл дәуірде композиторлардың әрқайсысы өмірге, махаббат пен өнерге деген өзінің бірегей көзқарасын ұсынған, — деп түсіндірді маэстро Айдар Әбжаханов.

Дирижердің пайымдауынша бұл концерт дәуірлердің, стильдер мен дәстүрлердің тоғысындағы музыканы көрсетеді. Бағдарламада әрбіреуі уақытты өзінше бейнелеп, ХХ ғасырдың музыкалық мұрасы үшін маңызды болған үш тамаша туынды қамтылған. Айта кетейік, олар «Астана Опера» сахнасында алғаш рет шырқалады.

Кешті Игорь Стравинскийдің әйгілі «Петрушка» балетінен сюита (1947 жылғы нұсқа) ашады. Бұл адами сезімдерге ие қуыршақ Петрушка жайлы жарқын әрі сонымен бірге әсерлі хикая. Стравинскийдің музыкасында карнавалдың рухы анық естіледі: айқын контрасттары бар жанды, жігерлі және драмалық оркестрлік палитра бұл балетті әлемдік репертуардағы ең танымал шығармалардың бірі етеді.

Одан кейін бағдарламада Клод Дебюссидің «Фавнның түстен кейінгі демалысына» симфониялық прелюдия ұсынылады. Бұл туынды әлдеқашан музыкалық импрессионизмнің символына айналған. Музыка тыңдарманды тыныштық пен тәтті түстің атмосферасына жетелейді. Стефан Малларменің поэмасынан шабыт алған К.Дебюсси ауаға тараған әуен іспетті нәзік жартылай тондар мен нюанстарға толы дыбыстық картина жасады.

Концертті харизмаға толы америкалық композиторлардың бірі Л.Бернстайнның «Вестсайд оқиғасы» мюзиклінен сюита аяқтайды. Оқиға 1950 жылдардың ортасында Нью-Йоркте өрбиді, ол жақта қос көше бандасы — ақ эмигранттардың ұрпағы «Зымырандар» («Jets») мен пуэрторикалықтардан тұратын «Акулалар» («Sharks») арасында жанжал басталады. Бұрын «Зымырандар» тобында болған басты кейіпкер Тони «Акулалардың» көшбасшысы Бернардоның қарындасы Марияға ғашық болады. Драмаға, өткір әлеуметтік мәселелерге толы бұл хикая бірте-бірте әлемді мойындатып, танымалдылыққа ие болды. Осылайша, көрермендер джазды, латын америкалық ырғақтар мен классикалық симфония элементтерін біріктірген музыканы естиді. Ол қазіргі кезеңдегі «Ромео мен Джульеттаның» қайғылы махаббат хикаясын баяндайды.

Концерттің басталуы 18:00-де.


ПІКІР ЖАЗУ